Шымкенттегі Нұрсәт-2 ықшамауданында 9 қабатты тұрғын үйдің 8-ші қабатынан өрт шығып, тоғызыншы қабатына өткен. Өрт кезінде ондаған адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ресми мәлімет бойынша, өрттен зардап шеккендер жоқ. Десе де қала тұрғыны Оксана Панчишкина өрттің себебін анықтап, бүлінген пәтерін жөндеп беруін талап етеді.
Шымкенттегі Нұрсәт-2 ықшам ауданында 9 қабатты үйдің 8 қабатынан өрт шықты. Өрт пәтердің қылтимасынан тұтанып, 9 қабаттағы пәтердің жатын бөлмесіндегі қылтимасына өткен.
Өрт 31 жастағы Оксана Панчишкинаның жатын бөлмесінен кіріп, дәлізін шарпыған. 2 бөлмелі пәтердің ішін ыс алып кеткен. Төбесі түсіп жарамсыз хәлге жеткен. Жалғызбасты әйелдің айтуынша, 10 жыл бұрын жетім ретінде пәтерді мемлекет жалға берген. Бұл оның жалғыз баспанасы. Өткен жылы да 8 қабаттан өрт шығып, пәтерін бүлдірген. Несие алып, жөндеу жұмыстарын жүргізген. Енді қайта жөндеуге шамам жетпейді дейді ол.
Оксана Панчишкина, Шымкент қаласының тұрғыны: «Ол кезде ешқайда шағым жазбадым. Сараптама жасаудан бас тарттым. Өйткені адам болған соң болады деп, бәрін өзіміз қалпына келтірдік. Несиеге кірдік. Жиһазға дейін жаңартқан едік. 5 миллион теңге жұмсадық. Қазір екінші рет өртенді. Енді қайта жөндеуге менде ақша да, күш те жоқ. Өртке кім кінәлі, анықтап беруін сұраймын. Бұл менің жалғыз баспанам. Дәл қазір баламмен қайда барып, кімнің үйін паналауды да білмеймін. Біз далада қалдық. Мына үйге баламды қалай кіргіземін?».
«Осы жолы үйден шыққан-ау деймін, білмеймін. Төбеден бе, түсінбей отырмын. Мен ешкімді кіргізе алмаймын да, үйіме жолата алмаймын да».
Оксана Панчишкина бұл жолы пәтерін қалпына келтіріп беруді талап етеді. Бұл үшін қалалық төтенше жағдайлар департаменті мен полицейге арызданған. Ал 8 қабаттағы пәтер иесі бізде кінә жоқ дейді.
«Мен үйге ешкімді кіргізбеймін. Сарапшылар келеді».
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт көлемі 6 шаршы метр. Өрт кезінде ондаған адам қауіпсіз жерге шығарылған. Олардың оннан астамы — балалар.
Асқар Шәріп, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі: «Өрт орын алған алаңға өрт сөндіру техникаларының кіруі қолайсыздыққа қарамастан, өрт сөндірушілер өзіне жүктелген тапсырманы жоғарғы деңгейде орындады».
Ресми мәлімет бойынша, өрттен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.
Дилара Иса