«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Шымкент гарнизонындағы алтыншы механикаландырылған құрамасының жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес «Дарбаза» оқу-жаттығу полигонында взвод және бөлімше командирлері санатымен бөлімшелердің жауынгерлік атыстары бойынша нұсқау-әдістемелік сабақтар өткізілді.
Полигон аумағында теориялық және практикалық кезеңдерді өткізу үшін оқу орындары ұйымдастырылды. Нұсқаулық-әдістемелік сабақтар барысында офицерлер мен сержанттар жауынгерлік атыстың барлық кезеңдерін ұйымдастыру және өткізу бойынша нақты нұсқаулар алды. Әскери қызметшілер «бөлімшенің шабуыл мен қорғаныстағы іс-қимылдары», «қарсыласты оқшаулау» және «елді мекендегі ұрыс» тақырыптары бойынша практикалық іс-қимылдарды пысықтады.
– Сабақтардың негізгі мақсаты – командирлер мен жеке құрамды штаттық оқ ату құралдарын қолдана отырып, ұрыс жүргізудің тиімді тәсілдеріне үйрету. Отты шебер басқару және жауынгерлік бұйрықтарды нақты жеткізу – тапсырмаларды сәтті орындаудың кепілі, – деді екінші мотоатқыштар батальонының командирі майор Азамат Куатов.
Күннің екінші жартысында екінші мотоатқыштар батальонының жеке құрамы тактикалық жағдайда заңсыз қарулы құрылымдардың шабуылын тойтару бойынша іс-қимылдарды пысықтады. Жауынгерлік атыстарды өткізу үшін бөлімшенің барлық штаттық қару түрлерінен оқ атуға мүмкіндік беретін жағдай жасалды.
– Бөлімшелердегі жауынгерлік үйлесімділікті арттыру мақсатында бөлімшелердің жауынгерлік атыстарын өткізу бойынша нұсқау-әдістемелік сабақтар ұйымдастырылды. Жеке құрам барлық қойылған жауынгерлік тапсырмаларды «жақсы» бағасымен орындады, – деп атап өтті бесінші мотоатқыштар ротасының командирі аға лейтенант Бегжан Ибрагим.
Алдағы уақытта «Дарбаза» полигонында 54 бөлімшенің жауынгерлік атысын өткізу жоспарланған, оның 27-сі түнгі уақытта өтпек. Бұдан бөлек, 36 атыс екіжақты форматта ұйымдастырылады. Бұл өзара қарсы әрекет ету жағдайында, шынайы жауынгерлік жағдайға барынша жақын ортада бөлімше командирлерінің тактикалық шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді.