Шардара: Демалушылар мен кәсіпкерлерге айыппұл салынды

Түркістан облысы Шардара ауданында орналасқан Шардара су қоймасының жағалауында орналасқан демалыс аймағында санитарлық нормаларды сақтамаған демалушылар мен кәсіпкерлерге әкімшілік айыппұл салынды. Олар әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Ұсақ бұзақылық» бабымен жауапқа тартылған.

«Бұл бетте оңып тұрған жоқ. Балаларым айтады «Мама, мына суға түскіміз келмейді. Суда қарбыздың қабығы жатыр. Қоқыс жатыр. Кеше айтып жатыр осы судан тері аурулары шыққан. Адамдар қоқыс тастағандықтан су ластанып кеткен деп».

Әлеуметтік желіде Түркістан облысы Шардара су қоймасының жағалауында орналасқан демалыс аймағында тазалық талаптары сақталмай, қоқыс шашылып жатқаны туралы бейнематериал жарияланды. Видеодан жағажайда арнайы шағын тапшандардың орнатылғаны, ондағы адамдардың санитарлық талаптарды сақтамағаны, суда қалқыған қоқысты көруге болады.

Облыс әкімдігімің мәліметінше, бейнематериал таралғаннан соң демалысты ұйымдастыратын жеке кәсіпкерлер жағажай аумағын тазалаған. Шардара ауданы әкімдігі аудандық прокуратура, полиция және төтенше жағдайлар бөлімі жағажайдағы «NurDelux», «Ержан», «Шадияр», «Сыр Нұры» демалыс аймағында қауіпсіздік пен санитарлық талаптардың сақталуын бақылау үшін тағы рейд жүргізген. Жалпы маусым айынан бастап Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша санитарлық нормаларды сақтамаған демалушылар мен кәсіпкерлерге 16 әкімшілік айыппұл салынған.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Бұл біздің келбетіміз ғой. Осымен бізді сынайды ғой. Не мәселе? Мына жерде қанша метр пляж? Соны ретке келтіріп, таза ұстауға? Сол жерге дұрыстап киім ауыстыратын жер, жуынатын орын, бәрін ретке қойып жасауға. Не проблема? Жауапкершілікпен қараңыздар».

Шардара ауданына жұмыс сапарымен барып, жиын өткізіп, «Шардара» су қоймасы маңындағы жағажайларды аралаған облыс әкімі жағажайды ретке келтіре алмаған жауапты мамандарға шүйлікті. Ол облыста туристік орындарды реттеу, санитарлық тазалығын сақтау бойынша нақты тапсырмалар берілгенімен әлі де кемшілік көп екенін қадап айтты.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Бәрін ретке келтірейік. Бірақ талапқа сай. 50 метр ме 50 метрден қойсын. Іргелі жатқаның бәрін қойсын. Мына платинадан зонасы ма, бәрін алдырып тастаңыздар. Қауіпсіздікті сақтаңыздар. Тамақ істейтін мынадай болмауы керек.  Бір учаскелік полицей күнде қадағаласын. Пісте шақса айыппұл салыңыздар, көпшілік жерде болмайды ғой. Отырып бәріне айыппұл салып шығыңыздар керек болса. Ең бірінші тәртіпке, тазалыққа келтіру керек».

Әкім салғырттық танытқан басшылар пен қызметкерлерге тиісті тәртіптік шара көруді міндеттеді. Егер кәсіпкерлер жағажайдағы қажетті талаптарды сақталмаса, келісім шарт тоқтайтынын ескетті.

Дилара Иса