«Достық» каналы арқылы келетін су азайған

Өткен аптада Түркістан облысы Жетісай ауданы Байқоныс ауылының диқандары ағын судың жоқтығына шағымданған еді. Олар жаз шыққалы мақтасын суғармағанын, гүл ашып, көсектей бастағанда тағы су берілмесе тақырға отыратындарын жеткізген. Десе де Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл ақпарат шындыққа жанаспайды дейді.

Түркістан облысы Жетісай ауданы Байқоныс аулында 1200 гектар егіндік жер бар. Ауыл тұрғындарының сөзінше, биыл 9 жүз гектарынан аса жерге мақта егілген. Өткен аптада шаруалар дабыл қағып, бұл жердің жаз шыққалы суғарылмағанын айтқан. Кеше Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл ақпарат шындыққа жанаспайтыны туралы хабарлады. Министрлік мәліметінше, Жетісай ауданына 236,1 млн текше метр су берілген. Десе де «Достық» каналы арқылы Өзбекстаннан келетін су азайған.

«Шілде айының алғашқы күндерінде «Достық» каналы арқылы Қазақстанға секундына 80 текше метр су келеді деп жоспарланған. Алайда нақты алынған су көлемі секундына 50 текше метр. Бұл жағдай Сырдария өзенінің жоғарғы ағысындағы су шаруашылығы жағдайының тұрақсыз болуына байланысты болды. Қазіргі уақытта ауданда жағдай тұрақты. Бүгінде «Достық» каналы арқылы Жетісай ауданына секундына 32 текше метр су беріліп, егіс алқаптары кезекпен суарылып жатыр», — деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Министрлік мәліметінше, «Достық» каналы «Қазсушардың» Түркістан филиалы қарамағында. Бұл канал арқылы Жетісай ауданындағы 84,3 мың гектар жер суғарылады. Суды «Қазсушар» келісімшартқа тұрған шаруаларған ғана береді.

«Биыл Қазақстанның оңтүстігінде суару кезеңі 20 күнге ерте басталды. Бұған ауа — райы мен жоғары температура себеп болды. Суармалы су ерте берілген соң Түркістан облысының шаруалары сәуір айының ортасында қырыққабаттың алғашқы өнімін, мамырдың соңғы онкүндігінде қауын мен қарбыздың алғашқы өнімін, маусымда баялдының алғашқы өнімін жинады», деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Су ресурстары және ирригация министрлігі сонымен бірге суару кезеңі басталар алдында топырақты егіске дайындау үшін Жетісай ауданында 50 мың гектар жерде сор шаю жұмыстары жүргізілгенін хабарлады. Ол үшін 125,7 миллион текше метрден астам су берілген. Айта кетейік, бұдан бұрын облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков облыста, әсіресе оңтүстік аудандарда ағын су тапшылығы болу қаупі жоғары деп мәлімдеген еді.

Дилара Иса