Құқықтық мемлекетте заң қарапайым азамат үшін де, мемлекеттік қызметкерлер үшін де міндетті. Бұл әрбір адамның құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін, сонымен бірге оған міндеттер жүктейтін қоғамдық келісімнің негізі. Әрбір азамат салық төлеуден бастап жол қозғалысы ережелері, тіпті құрылыс жұмыстарының заңдылығына дейінгі заңнаманы сақтауы қажет.
Даңқты қолбасшы Б.Момышұлының: «Тәртіпке бағынған құл болмайды», – дегеніндей, барлық ортада әрбір азамат өзін әдепті, мәдениетті һәм тәртіпті ұстаса мемлекетте тыныштық орнап, істеген істе береке болып, адамдар арасында татулық орнайды. Ол үшін алдымен азаматтарымыздың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін жаңа сапалық деңгейде көтеруіміз керек.
Осы мақсатта, Шымкент қаласының Еңбекші ауданы аумағында заңсыз құрылыс жұмыстарының алдын алу және жеке тұрғын үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлер аумағында құрылыс материалдары мен инертті қалдықтардың заңсыз төгілуіне жол бермеу мақсатында және тұрғындардың құқықтық мәдениет, құқықтық сауаттлығын арттыру мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Аталған бағыттағы кезекті түсіндіру жұмыстары бүгін аудан әкімдігі мен Шымкент қаласы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметімен бірлесіп өтті. Шара барысында Іляев және Писсарев көшелеріндегі тұрғындарға санитарлық талаптарды сақтау және рұқсатсыз қалдық төгудің заңға қайшы екені жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тексеру кезінде кейбір тұрғындардың көшеге өздігінен құрылыс қалдықтарын төккені анықталды. Құқық бұзушыларға заң талаптары түсіндіріліп, тиісті ескертулер берілді. Тұрғындар қалдықтарды жақын күндері өз күшімен тазалайтындарын айтып, заң талаптарын сақтауға дайын екендіктерін білдірді.
Еңбекші ауданы әкімдігі мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын айта келе, тұрғындарды қала тазалығы мен қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарауға шақыратынын ескертеді.
Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады. Осы бағытта мемлекет пен қоғам дамуының кепілі болып саналатын заң мен тәртіпті басты құндылық ретінде ұстанып, мемлекетімізде әділеттілік пен тұрақтылықты орнықтыруға әр азамат өз үлесін қосуға міндетті екенін алға тарттұйымдастырушылар.