Осыдан бірер күн бұрын ет бағасы күрт көтеріліп, келісі 5000 теңгеге дейін жеткен болатын. Айтулы проблемаға байланысты, жауапты басқарма өкілдері әлеуметтік тауар бағасын бақылауға алды. Етті негізсіз қыматтатты деген 200 — ден астам шаруаға шара көрілді. Сонымен бағаның өсуіне не себеп? Жауапты өкіл бағаны тұрақтандыру үшін қандай шара қолданды?
Шымкентте жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына негізсіз баға көтергені үшін 200-ден астам кәсіпкер жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 15 кәсіпкер — ет өнімі бойынша тәртіп бұзған. Сондықтан қалалық ауыл шаруашылығы басшысы әлеуметтік бағамен сатылатын сауда нүктелерінен ет сатып алуға кеңес берді.
Айтуынша, қалада етке қатысты дүрлігу жоқ, дегенмен бағаның өскені рас. Ауыл шаруашылығы басқармасы бұл өсімді нарықтық факторлармен байланыстырып отыр.
Талғат Мекембай, Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы: «Бүгінде Шымкентте 60-тан астам әлеуметтік сауда нүктесі жұмыс істейді. Сонымен қатар, тұрақты түрде ауыл шаруашылық жәрмеңкелері өткізіліп тұрады. Бұл жерлерде сүйекті ет тұрақты бағамен — 3200–3300 теңге аралығында сатылады. Өнімдер Түркістан облысындағы мал шаруашылығы фермаларынан тікелей жеткізіледі. Ал нарықта еттің ең жоғары коммерциялық бағасы келісіне 3800–4000 теңге деңгейінде. Бағаның өсуіне маусымдық сұраныс, жемнің қымбаттауы және экспорт көлемінің артуы сияқты бірнеше фактор әсер етіп отыр».
Сондай-ақ, Талғат Мекембайдың айтуынша сүйексіз ет әрдайым қымбат жүреді «сондықтан оның бағасына әсер ете алмаймыз. Қазірде әлеуметтік емес орындардағы баға сүйекті ет — 3800 теңгеден бастап, сүйексіз ет— 4500–4800 теңге, тартылған ет— шамамен 4000 теңге шамасында» дейді.
Базарларда бұл баға одан да жоғары болуы мүмкін. Әлеуметтік бағада ет сататын Бахадүрдің айтуынша, баға қолжетімді болғандықтан ет тез сатылып жатыр.
Бахадүр Қошқаров, сатушы: «Біз әкімдіктің көмегімен әлеуметтік бағамен сатамыз. 2620 теңгеге төстік пен жауырын етін ұсынамыз. Таңертеңнен бастап бізге тұрақты клиенттер келеді. Олар бізде әлеуметтік ет бар екенін біледі де, бірден алып кетеді», – деді ол.
Бағаны тұрақтандыру үшін ауыл шаруашылығы басқармасы, Түркістан облысындағы «Қасқасу-С» және «Бәйтерек» шаруа қожалықтарымен келісімшарт жасаған. Еттің көтерме бағасы келісіне 2620 теңге көлемінде белгіленген. Бұл дегеніміз жақын арада ет бағасы халық үшін қайтадан қолжетімді болмақ.
Бота Әнуар