Шымкент қаласында Халықаралық шахмат күніне және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығына орай «Muftiyat Chess Open Cup – 2025» атты жылдам шахматтан турнир өтті. Зияткерлік дода Қажымұқан атындағы орталық стадионда ұйымдастырылды.
Турнирдің негізгі мақсаты – дін мен дәстүр сабақтастығын негізге ала отырып, имамдар арасында зияткерлік ойын мәдениетін дамыту, логикалық ойлауды жетілдіру, ынтымақтастықты және бірлікті нығайту.
Шараны Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырды. Бұл – Шымкент қаласында имамдар арасында алғаш рет өткізіліп отырған ауқымды шахматтық турнир.
Шымкент қаласы орталық мешітінің наиб имамы Ахметжан Пірәліұлының айтуынша, Бас мүфтият дін мен дәстүр үндестігіне үнемі айрықша назар аударып келеді. Осы бағытта спорттық, мәдени және қоғамдық бастамалар қолға алынып отыр. «Мемлекет басшысы шахматты дамыту жөнінде бастама көтеріп, бұл зияткерлік ойынды білім беру жүйесіне енгізуді қолдағаны белгілі. Біз де осы игі бастаманы қолдап, имамдар арасында шахмат турнирін өткізуді ұйғардық», – деді наиб имам.
Турнирге қала мешіттерінен 30-ға жуық имам қатысып, рапид (жылдам шахмат) форматында бақ сынады. Әр қатысушыға 10 минуттан уақыт беріліп, бес турдың қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды.
Турнирдің бас төрешісі Бекзат Дәулетовтың айтуынша, рапид форматы турнирді бір күнде өткізуге мүмкіндік беретін тиімді тәсіл болып табылады.
Жүлде қоры 200 000 теңгені құрады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.
Аталған турнир дін мен спорттың үйлесімді дамуының жарқын үлгісіне айналып, болашақта дәстүрлі форматта жалғасуы мүмкін.