Келес әкімдігінде төбелес болды

Түркістан облысы Келес ауданы әкімдігі ғимаратының ішінде екі адам бірімен бірі сөзге келіп, төбелескен. Екі адамның бірі әкімдікте келісімшартпен жұмыс істеп жүрген. Екіншісі аудан тұрғыны, жұмыссыз. Әкімдік дерегінше, оқиға дүйсенбі күні таңертең болған. Төбелеске қатысқандар бірін бірі таниды.

«Аталған тұлғалар мемлекеттік қызметшілер болып табылмайды. Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде», деп хабарлады Келес ауданының әкімдігі.

Әзірге төбелес неден шыққаны, кім бастағаны беймәлім. Полиция оқиғаға қатысты ақпарат таратпады. Бейресми ақпаратқа қарағанда, төбелес кезінде бір адам жарақат алған. Оның қандай жарақат алғаны белгісіз. Келес аудандық ауруханасы науқастың құқығына байланысты бұл туралы қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.

Дилара Иса