Кентау қаласында әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандардың құрылысы қарқын алуда. Солардың бірі, Қарнақ ауылындағы 300 орындық жаңа мәдениет үйі. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласына жасаған іс-сапары барысында құрылыс алаңына барып, нысанның жай-күйімен танысты және мердігер компания өкілдерімен кездесті. Бұдан бөлек, қалаға инвестор тарту бойынша бірқатар тапсырма берілді.
Облыс әкімі Қарнақ ауылына арнайы сапарға шығып, «Kaz Real Meat» мал бордақылау кешенінің құрылысымен де танысты. Алғашқы кезеңде 1500 бас ірі қараға арналған бұл кешен алдағы уақытта қуаттылығын 5 мың басқа дейін арттыруды көздеп отыр.
Жобаның жалпы құны – 1 миллиард теңге. 31 гектар аумақта орналасқан бордақылау алаңы іске қосылған соң, 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Өнімнің бір бөлігі ішкі нарыққа, бір бөлігі экспортқа бағытталады. Жалпы, қалада өндірістік, ауылшаруашылығы саласы бойынша тиімді жұмыстар атқарылуда.
Жандос Тасов, Кентау қаласының әкімі: «Өнеркәсіп, кәсіпкерлік саласы бойынша 6 айда өнеркәсіп өнімінің көлемін 26,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,2 млрд. теңгеге өсіп отыр. Өндірілген өнім көлемі бойынша облыс 4 орынды иеленіп отыр. Ауыл шаруашылық салсында 2025 жылында 6 айында 2,6 млрд тегені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 250 млн теңгеге өсім бар».
Сонымен қатар, қалада жалпы ауданы 0,7 гектарды құрайтын, екі қабатты мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда ғимараттың монолитті құрылымы мен бетондау жұмыстары аяқталған. Тек, ішкі жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.Құрылысқа жауапты – «РСУ-1» ЖШС. Айта кету керек, аталмыш нысан «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында іске асырылуда.
Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Қоршаған ортаның тазалығын әркім күнделікті дағдысына айналуы қажет. Тазалық мәселесі тек қана қалаға ғана емес, мынау ауыл әкімдеріне тиесілі. Ауыл әкімдері мүлдем бұл бағытта жұмыс жасамайды. Халықпен жұмс жасау керек. Учаскелік полиция қызметкерімен бірлесіп жұмыс жасау керек. Көрсетілген кемшілікті мерзімінде жойып, тазалық жұмыстарын мерзімінде жүргізуді тапсырамын».
Сондай-ақ, облыс басшысына Қарнақ ауылында ашылуы жоспарланған шағын өндірістік парк жобасы да таныстырылды.
Нұргүл Жолымбетова