Кентауда өндіріс пен ауыл шаруашылығын дамыту жұмыстары жанданбақ. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірлерге жұмыс сапарымен шығып, бірқатар нысандарды аралап шықты. Бұл жолы облыс басшысы Кентау қаласына барып, қаланың даму бағытын талқылап, арнайы жиын өткізді. Нәтижесінде халықты газбен қамту, ауылшаруашылық саласын дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамту, өңірдің өндіріс көлемін арттыра отырып, экономикалық дамыған аймаққа айналдыру мәселесін көтерді.
Кентау қаласында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды даму үстінде. Қалада ауыл шаруашылығын әртараптандыру, жаңа технологияларды енгізу және инвестиция тарту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Мәселен, жыл басынан бері, шахарда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі едәуір артып, салада оң серпін байқалған.
Десе де, облыс басшысы Кентауға жасаған жұмыс сапары барысында бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жандандыруды тапсырды. Ал, қала әкімі Жандос Тасов ауылшаруашылығы саласында атқарған жұмыстары мен тындырымды тірліктерімен таныстырды.
Жандос Тасов, Кентау қаласының әкімі: «Ауылшаруашылық саласында 4 жобамыз бар. Жалпы құны 1,9 млрд теңге. Жұмыс орны 42 адамды құрайды. Оның ішінде «Kaz Real Meat» мал бордақылау алаңының құрылысы. Су үнемдеу технологиясы бойынша 144 гектарға енгзі тапсырмасы болатын болса, алты айда 150 гектарға орындалып, жоспар толық орындалды.
КСМ: Ауыл шаруашылығы өңір экономикасының негізгі тірегі. Бұл салада нақты жобалар жасап, инвестиция тартуды күшейту қажет деді облыс әкімі. Ал, жалпы, қалада мал шаруашылығы, егіншілік және жылыжай кешендері бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. Ол үшін, тиісті басқарма өкілдері жалпы өнім көлемін көбейту мақсатында жұмыс жасауда.
Файзулла Байдуллаев, Түркістан облысы ауылшаруашылық басқармасының басшысы: «Кентауда жалпы өнім көлемі 1,1 пайызын құрайды. Ауданда 750 агро жұмыс жасайды. Қалада 11 мың бас ірі қара мал, 31 мың бас ұсақ мал, 3500 бас жылқы, 20 мыңнан астам құс бар. Ағымдағы жылы ауданда ауылшаруашылық дақылдары 2500 гектарға орналастырылды. Дәнді дақылдар 500, майда дақылдар 800 гектарға егілді. Жанар жағармай 900 тонна бөлінді. Тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бойынша ауданға 600 тонна тыңайтқыш сатып алынды».
Жалпы қала бойынша мал бордақылау алаңдары салынып жатыр. Бұдан бөлек, инвестицилық жобаларды іске асыру бойынша қарқынды жұмыстар жасалуда. Бұл бастамалар ауыл тұрғындарының табысын арттырып, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге ықпал етпек.
Нұргүл Жолымбетова