Кентауда өндірістік жобалар дамып, жаңа құрылыс орындары ашылуда

Кентауда тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және өнеркәсіп өндірісін дамыту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласындағы индустриялық аймақты аралап, іске асырылып жатқан өндірістік жобалармен танысты. Сапар барысында аймақ басшысы кәсіпкерлермен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сала мамандарына өндірісті дамыту бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Кентау қаласында жалпы көлемі 43 гектарды құрайтын индустриялық аймақ жұмыс істеуде. Қазіргі таңда мұнда 7 жоба жүзеге асырылып, өндіріс жолға қойылған. 2025 жылдың соңына дейін тағы үш жаңа жобаның іске қосылуы жоспарланған. Осығна облыс әкімі арнайы ат басын бұрып, индустриалды аймақтарды аралап шықты. Іс-сапар барысында әкім өндірісіт дамыту саласына басымдық берілетінін және жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Нұралхан Көшеров,  Түркістан облысының әкімі: «Әсіресе қалаға инвестиция тарту бойынша қалалық әкімдікпен бірге бірлесіп жұмыс жасау керек. Инвестициялық жобалар, өз округтеріңіз бойынша әлеуеті бар, мүмкіндіктеріңізді зерделеп, өздеріңіз беру керексіздер. Әр ауыл-округтердің бір мүмкіндігі бар ғой. Соған қарай, жақсы бір жобаларды домалатуымыз керек. Оны сіз болып, біз болып бірлесіп жасау керекпіз».

Сонымен қатар, облыс әкімі, ауыл-аймақтарға инвестица тарту мәселесінде кездесетін кедергілерге тоқталды. Егер қандай да, бір шешілмейтін мәселе орын алса, оны дер кезінде шешу жолдарын ұсынды.

Биыл Кентау қаласында жалпы 16 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар толығымен жүзеге асса, өңірде 492 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде өнеркәсіп саласы бойынша нақты 4 жоба құрылып, нәтижесінде 310 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл жобалардың екеуі арнайы экономикалық аймақта, ал қалған екеуі индустриялық аймақта жүзеге асады.

Жалпы алғанда, Кентаудағы индустриялық аймақ пен арнайы экономикалық аймақ өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, халықты жұмыспен қамтуда маңызды рөл атқарып отыр.

Нұргүл Жолымбетова