Кіреберіске арба, самокат, велосипед қойғандар айыппұл төлейді: Тұрғындар не дейді?

Көпқабатты тұрғын үйлердің кіре берісіне балалар арбасы мен велосипед, самокат және басқа да жеке заттарды қойғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ереже бұзушыларға айыппұл салынатыны туралы ескертпелерде берілген. Алайда, аналар мұнымен келіспейді.

Жанар Ергешбаева 6 баланың анасы. Ол 18 шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің 4-ші қабатында талай жылдан бері тұрып келеді. Соңғы жаңалықты естіп жағамды ұстадым деп отыр. Айтуынша, балалардың велосипеді мен самокаты бар, қала берді қол арбаны ары бері тасып жүру оңай емес. Сондықтан, кіреберіске қалдырады екен. Ол аздай, тар жерге тамаша бола алмаймыз дейді.

Жанар Ергешбаева, қала тұрғыны: «Әрине, қарсымын. 6 баланың анасымын. Талай заттарымыз бар. Үйге сыймаймыз. Қысқа жапқан банкаларымыз бар. Олардың барлығын қайда қоямын? Қарсымын ондай айыппұлға. Қоларба, велосипед дегенді ары бері тасу мүмкін емес. Лифт болса, түсінетін едім. Ескі үйлерде қандай лифт?».

Тұрғын үй подъездерінің кіреберісіне жеке заттарды қою әкімшілік жауапкершілікке алып келеді. Ереже бұзушыларға айыппұл да салынады. Осылай деген учаскелік инспекторлар, үй төрайымдарына арнайы ескерту қағаздарында таратқан көрінеді. Алайда, бұл хабарландыруға құлақ асқан тұрғындар жоқ дейді үй төрайымы.

Күлзада Алдабергенова,  Үй төрайымы: «Мен өзім 18 шағынауданның 73-74-76 үйлердің үй төрайымымын. Бізге хабарландыру келген бізге. Подьездге қоюға болмайды деп. Таратқанбыз. Қарсымыз. Жүре алмайсың. Әсіресе кемпірлер жүре алмайды. Сүрініп жатады. Жұрт қайда барады? Орын жоқ болса. Учаскелік инспекторлар берді. Тарат деп. Бәрі біледі. Амал канша?».

Ал, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, өрт орын алған жағдайда, кедергі келтіретін жағдай туындаса, санитарлық және өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзатын болса, кез-келген адам міндетті тұрде айыппұл арқалайды деп отыр.

Нұрболат Педен,  Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы азаматтық қорғау подполковнигі: «Нақтырақ айтар болсақ, техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, ұйымдарда, ғимараттарда, құрылысжайларда, құрылыстарда, тұрғын үйлерде, қоғамдық орындарда, ауыл шаруашылығы алқаптарында, технологиялық қондырғыларда, жабдықтарда, агрегаттарда және өзге де мүлікте Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу немесе орындамау жеке тұлғаларға ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді».

Айта кетейік, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 410-бабына сәйкес, өрт қауіпсіздігі ережелеріне бей-жай қарау, салғырттық таныту 19660 теңге айыппұл салуға әкеледі. Ескеретін тағы бір маңызды жайт бар. Егер осы заң бұзушылық нәтижесінде адамдардың денсаулығына өміріне зиян келсе, іс қылмыстық жауапкершілікке ұласады.

Нұргүл Жолымбетова