Қазақстанда колледжге құжат тапсыру тәртібі жаңартылды. Енді талапкерлер eGov.kz порталы арқылы өтініш беріп, жаңа функциялар арқылы оқу орнын аймақ, оқыту тілі және мамандық бойынша оңай таңдай алады.
Өтініш беру үшін порталға кіріп, авторизациядан өту, «Колледждер» бөлімін таңдау, қажетті деректерді толтырып, құжаттарды жүктеу және өтінішті ЭЦҚ немесе өзге әдіс арқылы растау қажет.
Әр талапкер 4 колледж бен 4 мамандықты таңдай алады. Құжат көлемі 5 МБ-тан аспауы тиіс. Қызмет көрсету мерзімі – 3-тен 5 жұмыс күніне дейін.
Жаңартылған жүйеде жатақхана мен тегін тамақтануға мұқтаждықты көрсету, сондай-ақ әскери борышын өтеген азаматтардың құжатты тіркеу мүмкіндігі қарастырылған.
Құжаттарды қабылдау кезең-кезеңімен жүргізіледі.