«МӘМС жүйесінің – халыққа медициналық көмектің сапасын арттырудағы рөлі»

фото ӘМСҚ

ӘМСҚ Шымкент қаласы филиалының директоры Ляззат Алимовамен сұхбат

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық көмектің сапасы мен көлемін мониторингілеу рәсімдеріне ауқымды өзгерістер енгізіп жатқаны белгілі. Шымкент қаласы бойынша ахуал қандай, пилоттық жобаға көше алдыңыздар ма?


– Иә, дұрыс айтасыз. Қор тарапынан медициналық қызметтердің көрсетілуі мен бағалау жүргізуінде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаралар іске асырылуда. 2024 жылдың 2 маусымынан бастап Шымкент қаласында Қордың «Saqtandyrý» ақпараттық жүйесіндегі «Медициналық көмекті төлеудің бірыңғай жүйесі» модулі арқылы медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін мониторингтеу бойынша пилоттық жобасы іске қосылды. Бүгінгі таңда бұл жоба еліміздің барлық өңірлерінде енгізілді.

Басты жаңалықтардың бірі – экстерриториялық қағида енгізілді. Бұл принципке сәйкес, көрсетілген қызметтерге автоматты түрде тіркелген ақаулар мен жеткізушілердің оған қатысты уәждері сол өңірге қатысы жоқ басқа өңірлердегі Қор сарапшыларының қарауына жіберіледі. Сондай-ақ үш деңгейлі апелляция жүйесі енгізілді. Бұл тәсіл мониторинг нәтижелеріне деген сенімді арттырып, медициналық ұйымдарға өз ұстанымдарын қорғауға мүмкіндік береді.

— Бүгінгі таңда қалада МӘМС шеңберінде жалпы қанша медициналық ұйым қызмет көрсетеді?

МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласында қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, медициналық мекемелердің саны артқан. Шымкент қаласында бүгінгі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде 177 медициналық ұйым қызмет көрсетуде. Оның 34-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік медициналық ұйымдар. Оның ішінде 68 мекеме МӘМС шеңберінде стоматологиялық қызмет түрлерін көрсетуде.

Бүгінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халыққа медициналық көмек алуға мүмкіндік беретін маңызды құралға айналды. Бұл жүйенің қаражаты нақты қайда жұмсалады?


Иә, дұрыс айтасыз. Медициналық қызметтердің сапасын арттыру мен олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету – қазіргі уақыттағы негізгі міндеттердің бірі. Саланың қаржыландыруын ұлғайту, сондай-ақ медициналық қызметтердің көлемі мен сапасын бақылаудың жаңа тәсілдерін енгізу – халыққа көрсетілетін медициналық көмектің деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Қорға түсетін барлық қаражат нақты медициналық қызметтерге жұмсалады. Қызметтердің көлемі мен қаражатты бөлу Қор тарапынан медициналық көмектің түрлеріне қарай барлық маңызды шарттарды ескере отырып атап айтқанда, тіркелген халық саны, созылмалы аурулары бар тіркелген пациенттердің саны, медициналық ұйымдардың рейтингі, өндірістік қуаты және тағы да басқа қажеттіліктер бойынша сатып алу рәсімдері арқылы жүзеге асырылады. Көрсетілген қызметтердің тізіміне байланысты қаржыландыру ай сайын екі көзден жүзеге асырылады: республикалық бюджет қаражаты есебінен – бұл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК), және Қор активтері есебінен – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті.

МӘМС пен ТМККК арасындағы айырмашылық туралы нақтырақ айтып берсеңіз…


– МӘМС – бұл әлеуметтік жүйе, жинақтаушы емес. Сақтандырылған азамат жарна мөлшеріне қарамастан толық медициналық көмек алуға құқылы. Бұл қатарда қарапайым консультациялардан бастап күрделі диагностикалық қызметтер – УЗИ, КТ, МРТ, ПЭТ, стационарлық және оны алмастыру қызметтері, оңалту шаралары мен жоғары технологиялық операцияларға дейін бар.

Бұрын тек әлеуметтік осал топқа ғана қолжетімді болған көптеген қызметтер бүгінде барлық сақтандырылған азаматтарға тегін көрсетіледі. Ал сақтандырылмаған азаматтар да шет қалмайды: олар ТМККК аясында шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, созылмалы сырқаттарды бақылау сияқты қызметтерді ала алады.

Медициналық қызметтерге жұмсалатын қаражаттың негізгі бөлігі қандай салаларға тиесілі?


– Әсіресе консультациялық-диагностикалық қызметтер айтарлықтай қаржыландыруды қажет. Өткен жылдың мәліметтері бойынша, 8 миллионнан астам КДҚ көрсетілген. Сонымен қатар, қаржыландырудың қомақты бөлігі мамандандырылған стационарлық көмек көрсету мен жоғары технологиялық операцияларға жұмсалады. Мәселен, кардиохирургия мен нейрохирургия салаларындағы мұндай операциялардың құны бірнеше миллионнан бастап 70 миллион теңгеге дейін жетеді.

Шымкент қаласы бойынша сақтандырылған азаматтардың саны қанша?


– Бүгінгі күні Шымкентте 1 029 888 адам, яғни халықтың 81 пайызы сақтандырылған. Оның ішінде 700 мыңнан астам адам жеңілдік санатында, олардың жарнасын мемлекет төлейді. Алайда 234 146 азаматтың сақтандыру мәртебесі жоқ. Бұл мәселені шешу жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік кірістер комитетінің, еңбек инспекциясының және басқа да тиісті мекемелердің ведомствоаралық өзара қызметтерін күшейтуді талап етеді. Қор халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.

Азаматтар өз мәртебелерін қалай тексере алады?


– МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу үшін азаматтың 12 айлық үздіксіз төлемі болуы керек. Сондықтан әр азамат өз мәртебесін үнемі тексеріп тұрғаны жөн. Мұны бірнеше жолмен тексеруге болады:

  • 1414 байланыс орталығы арқылы;

  • msqory.kz сайтында;

  • Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы;

  • Telegram-дағы SaqtandyryBot;

  • eGov.kz порталы;

  • DamuMed қосымшасы;

  • Kaspi.kz, Halyk және BCC қосымшалары арқылы.

Сұхбатыңызға рақмет, Ляззат Барлықбайқызы. Соңғы сөз өзіңізде.


– Әрбір азамат өз денсаулығына жауапты. МӘМС жүйесі – медициналық көмекке деген қаржылық қолдаудың кепілі. Қор әрдайым халыққа қолжетімді, сапалы қызмет көрсетілуіне жағдай жасау
ды көздейді. Сондықтан осы сұхбатты пайдалана отырып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысудың маңыздылығын тағы бір мәрте атап өткім келеді. Өйткені уақытында қабылданған шаралар – сенімділік пен сапалы медициналық көмекке дер кезінде қол жеткізудің кепілі. Аман болыңыздар!