Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының түлектері диплом алды

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының түлектері үшін ерекше күн. Өйткені, олар көп жылғы еңбектерінің жемісін алып, диплом иегері атанды. Диплом бұл тек қағаз ғана емес, үлкен жолдың бастамасы. Осыған орай, оқу ғимаратында диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Толығырақ, болашақ дәрігерлердің қуанышымен бөлісіп қайтқан тілші бейнематериалында.

Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттері үшін мереке әрі маңызды күн. Олар қолына диплом алып, болашаққа нық қадам баспақ. Салтанатты рәсімге түлектерден бөлек, ата-аналар, профессорлар мен оқытушылар қатысып, мерекенің сәнін келтірді. Сондай-ақ, олар, жас мамандарға жылы лебіздерін білдірді.

Биыл Оңтүстік Қазақстан медицина академиясын мыңнан астам студент түрлі мамандықтар бойынша тәмамдап отыр. Жоғары оқу орны заманауи біліммен қатар, болашақ мамандардың рухани және кәсіби дамуына ерекше көңіл бөліп келген.

Нәтижесінде, денсаулық сақтау саласында сұранысқа ие мамандар даярланды. Мәселен, 16 түлек үздік диплом иегері атанып, табандылық пен кәсіби дайындықтың үлгісі болды. Айта кетейік, Академия үздіксіз білім беру саласында колледжден бастап бакалавриат, интернатура, магистратура, резидентура және докторантураға дейін мамандарды даярлайды.

Сәлім Ербол, ОҚМА Тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры: «Медицина саласы барлық уақытта сұранысқа ие сала. Жылда оқуға түсушілердің саны көп болады. Оның үстіне, жылда өзіміздің білім беру жүйесін дамытуға, қазіргі заман талаптарына сәйкестендіруге тырысамыз. Шетледік жоғарғы оқу орындарымен бірлесіп, меморандумға отырғанбыз».

Басшылықтың айтуынша, академия заман талабына сай жылдан-жылға дамып келеді. Әрі мамандарды даярлау сапасы халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізіледі. Биыл оқу орнында материалдық-техникалық база жаңартылып, кітапхана қоры кеңейтілді.

Мәселен, заманауи оқулықтар мен ғылыми әдебиеттер қосылды. Студенттердің айтуынша, академиядағы оқу жылдары кәсіби қалыптасу кезеңі ғана емес, үлкен өмірге қадам басуға мүмкіндік берген. Мәселен, Арай Әбдіғалиқызы бала кезінен медицина саласында жұмыс істеуді армандаған. Бүгінде сол күнгі мақсатына қол жеткізіп отыр. Бұл жетістік менің ғана емес, ата-анаммен оқытушыларымның жемісі дейді.

Арай Әбдіғалиқызы, Жас түлек: «Бүгінгі менің оқуымды қызыл дипломмен аяқтап жатқаным, мен үшін ғана емес, ата-анам үшін, мені оқытқан ұстаздарыма, академия үшін үлкен мақстаныш деп білемін. Бұл оқу орны, еліміздегі жетекші, үлгілі медициналық оқу орындарының бірі. Ұстаздарымыз, теория жүзінде ғана емес, тәжірибе жүзінде іске асыруға бағыт бағдар береді. Осылай жетістікке жетуіме әуелі, Аллаһтың, екінші ата-анама, маған бағыт-бағдар берген оқытушыларымның арқасы деп білемін».

Бүгін мыңнан астам түлек кәсіби өмірге жолдама алды. Салтанатты шарада болашақ мамандар, естелік суретке түсіп, бірі-біріне ізгі лебіздерін жолдады. Айта кету керек, медициналық оқу орнына құжат қабылдау басталды. Сондықтан, дәрігер боламын дегендерге жол ашық. Бұл академиядан түлеп ұшқан түлек, Шымкентте ғана емес, алыс-жақын шетелдерде жұмыс істеуге мүмкіндігі бар.

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы
Шымкент қ. Әл-Фараби даңғылы, 1

Лицензия № KZ 361FF00011387
28.03.2018 ж. ҚР БЖҒМ берілген