Шымкентте жедел желіге отбасылық жанжалға байланысты 6 айда 4 мыңға жуық қоңырау түскен. Олардың басым көпшілігі тұрмыстық келіспеушілік дейді мамандар. Отбасылық зорлық-зомбылықтың туындауына кім кінәлі? Жетіспеушілік пе? Әлде отбасылық құндылықтарды ескермеу ме?
Үшінші мегаполисте, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қайта құқық бұзуға жол бермеу және тіркеуде тұрған тұлғалардың мінез құлқын бақылау жасау үшін тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Бірақ, соған қарамастан қоңырау шалып көмек сұрайтындардың саны басым. Мәселен, ағымдағы жылдың бірінші жартысында 4 мыңға жуық отбасыдан қоңырау келіп түскен. Олардың басым бөлігі ене мен келін, ата мен баланың арасында дау басылар емес дейді инспекторлар.
Диана Сахибекова, Шымкент ҚПД ЖПҚБ Отбасылық тұрмыстық зорлық- зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторы: «Бізде көпшілігі жетіспеушіліктен басталады. Уақыты көп адам, ішеді, бала шағасын ұрады. Көбінде қызғаныштан болады. Мәселен, ене мен келін, атасы мен баласы арасында дау туындайды. Қайын атасы мен келіні арасында қоңыраулар келіп түседі. Солардың бірін анықтап, біздің қызметкерлер, отбасы қолдау орталығымен бірлесіп жұмыс атқарамыз».
Отбасылық зорлық-зомбылық бұл жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Оның алдын алу үшін заң, тәрбие, ақпараттандыру қажет. Сондықтан, жауапты мамандар дабыл қағып, көмек қолын созатын дағдарыс орталықтарының бар екенін айтып келеді. Бірақ кейбірі үнсіз қалып, құқықбұзушылыққа жол береді. Ал, кейбірі, ашық айтып, көмек сұрайды дейді. Тіпті, бірінеше рет тәртіп бұзғандарда бар. Оларды заң аясында жазалаймыз деп отыр.
Диана Сахибекова, Шымкент ҚПД ЖПҚБ Отбасылық тұрмыстық зорлық- зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторы: «Әкімшіліктен бізге кабинет берілген болатын. Тараптарды шақырып, хаттама толтырады. Екеуінің арасында болған мән жайды біліп, қорғау нұсқамасы толтырылады. Ал екінші рет қоңырау түскен болса, әкімшілік құқыбұзушылықтың бабымен хаттама толтырылады. Оларға шара көріледі».
Айта кетейік, инспекторлар профилактикалық жұмыстарды ұдайы жүргізіп отыр. Мәселен, қаладағы дағдарыс орталықтарына жыл басынан бері 712 әйел жүгінгенін анықтады. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда мас күйінде жүргені және спирттік ішімдікті ішкені үшін 2266 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 262 және тұрғын үйден тыс жерлерде болған 5 мыңнан астам жасөспірімге шара көрілген.
Нұргүл Жолымбетова