Полиция: «9 сынып оқушысы жүкті болып қалғанын» растамады

Құқыққорғаушы, Біріккен ұлттар ұйымының еріктісі Ләззат Рақышева әлеуметтік желіде Түркістан облысы Отырар ауданында 9-сынып оқушысының аяғы ауыр екенін хабарлады. Оның жазуынша, күдікке 4 адам ілінген. Оның бірі – 11-сынып оқушысы, қалғаны ересек адамдар. Оқушы қыздың жүкті болып қалуы туралы ақпарат жөнінде полиция хабар берді.

«Отырар ауданы тұрғынының кәмелетке толмаған туысына кәмелетке толмаған танысының тарапынан құқыққа қарсы іс-әрекеттің жасалуы туралы арыз полицияда қаралып, тергеу жүргізілуде. Тергеу аясында сараптамалар тағайындалды және барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар атқарылуда. Нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде процестік шешім қабылданатын болады», деп хабарлады Түркістан облыстық полиция департаменті

Полиция мәліметінше, бірнеше адамның құқыққа қайшы әрекеті және кәмелетке толмағанның жүктілік фактісі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Тергеу кезінде бұл расталмаған.

«Тергеу мүддесіндегі өзге де ақпарат Қылмыстық процесуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды. Өз кезегінде полиция жалған ақпарат таратқаны үшін заңға сәйкес жауапқа тарту көзделгенін еске салады және азаматтарға тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады», деп хабарлады Түркістан облыстық полиция департаменті.

Дилара Иса