Пробация есебінде тұрған жастарға құқықтық сауаттылық және мемлекеттік қолдау жайы түсіндірілді

фото ШПД

Пробация қызметінің есебіне алынған тұлғалардың арасында қайталама құқық бұзушылықтарды алдын алу үшін уәкілетті мемлекеттік органдар атынан пробация қызметі, жергілікті атқарушы органдар және олардың бөлімшелері тарапынан жеке қолдау, ресурстар, білім, психологиялық оңалтуға қол жетімділік, құқықтық кеңес, кешенді және көп деңгейлі тәсілдерді талап етеді.

Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен пробация есебінде тұрған жастарға «Құқықтық сауаттылық және мемлекеттік қолдау» тақырыбы аясында діни экстремизмнің қаупі, құқықтық сауаттылықты арттыру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіруге арналған кездесу өтті. Онда Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің теологы Нұрдәулет Аманкелді мен Тұран аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары жастарға кеңес айтып, сауалдарына жауап берді.
Құққорғау саласының мамандары құқықтық кеңес жайлы сөз етіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, Шымкентте пробация қызметі есебінде тұрған жастарға арналған «Жаңа өмір» жобасы қолға алынған. Жоба аясында бірқатар жұмыс жүргізіліп, нәтижелі жүзеге асып отыр. Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен Шымкент қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті жоба аясында бірлескен жұмыс жоспарын бекітіп, меморандумға қол қойды.
Аталған орталық пен департамент жұмыс жоспарына сәйкес, пробация есебінде тұрған жастарға мамандардың қатысуымен жеке психологиялық қабылдау өткізіп, 20 жасқа көмек көрсетілді. Пробация есебінде тұрған және әлеуметтік жағдайы төмен екі отбасына көмек көрсетті. Атап айтқанда, жалғыз басты бес баланың анасы Л.Қосанбаева мен үш баланың анасы А.Молдакаримованың отбасына А.Дәуренбековтің демеушілігімен азық-түлік берілді.
Өзгелердің лауазымына, діни не жаратылыс туралы ұстанымына қарамастан, құрмет білдіру заң мен тәртіптің берік орнағанының белгісі. Оны қалыптастыруға әркімнің қосар үлесі бар. Керек десеңіз, күнделікті тәртіпті ұстанудың өзі заңның берік орнауына ықпал етеді. Оның тұғырын бекіту арқылы әрбір адамның бақытты өмір сүруіне қолайлы қоғам қалыптастырамыз. Бұл жолда жоғарыда айтылған жобалардың алатын орны, атқарар қызметі ерекше екені айқын.