«Қабырғасы құлап, қайғылы жағдай бола ма деп уайымдаймыз»

Мамандар осыдан небәрі 8 жыл бұрын салынған Шымкенттегі №125 мектептің спорт залы апатты жағдайда деп танылғанына бір жылға жуықтаған. Бірақ арада бір оқу жылы өтсе де онда не жөндеу жүрмеген, не қауіпсіздік шаралары сақталмаған.

Мектеп әкімшілігі оқушылар толыққанды дене шынықтыру сабағын оқи алмағанынан бөлек, мәселе созбалаңға салынып жүргенде қайғылы жағдай бола ма деп алаңдайды. Бұл проблемадан қалалық білім және құрылыс басқармалары хабардар. Жаңа мектептің спорт залы неге апатты деп танылды? Жөндеу жұмысының әлі күнге жүрмеуінің себебі неде?

Шымкентте 8 жыл бұрын пайдалануға берілген №125 мектептің 600 шаршы метрлік спорт залының апатты жағдайда тұрғанына 2 жылға жуықтаған. Спорт залдың едені шамамен 15 сантиметрге түсіп кеткен. Қабырғалары жарылып тұр. Мектеп мұғалімдері ғимараттың қабырғалары сөгіліп, төбесі ортасына түсе ме деп алаңдайды.

Өмірзақ Керімбеков, №125 мектеп директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары: «Қазіргі жағдайы апатты жағдайда ғой. Өйткені жарылған жерлері көбейген. Едені түсіп, қабырғасы жарылған күйде тұр. Себебі бұл жерге бала кіруге болмайды. Сараптама нәтижесі бойынша. Бізге сараптама жасаған мекеме бізге апатты жағдай деп берген».

«Сол кезде мамандардың қазғаны сол күйі жатыр қазір. Қазған кезде астынан лай шықты, су шықты».

Спорт зал мектеп қабырғасымен жабысып тұр. Апатты деп танылғанымен жан-жағына ешқандай қоршау қойылмаған. Мектеп әкімшілігі сараптама қорытындысы шығып, ғимарат апатты деп танылғанына бір жылға жуықтаса да әлі күнге жөндеу көрмегеніне наразы. Олар қағазбастылыққа салынып жүргенде қайғылы жағдай орын ала ма деп алаңдайды.

Ләззат Әжібекова, №125 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары: «Біз қай кезде осы дуал құлап қалады екен, қандай бір апатты жағдай болып қалады екен уайыммен жүреміз. Бір жыл бойы біздің мектебімізде спорттық ойындар дене шынықтыру сабақтары спорт залда өтілмеді. Себебі өзіңіз көріп отырсыз апатты жағдай. Балаларды мұнда кіргізуге болмайды. Балалардың өмір қауіпсіздігі біз үшін өте маңызды. Сабақтар сыныпта өтілді. Күн жылы кезде, ауа-райы жауын-шашынсыз кезде мектеп жанындағы кіші спорт алаңда өтілді сабақтар. Ауа-райы қолайсыз қыстыгүні стол ойындары ретінде өтілді. Балаларымызды толыққанды спорт сабағын толыққанды өткенін қалаймыз».

Қалалық құрылыс басқармасы мектеп спорт залындағы ақау 2021 жылы анықталғанын айтады. Мектепті салған мердігер компанияға бірнеше ескертпе хат жолданған. Десе де мердігер апатты жағдайда тұрған спорт залды қалыпқа келтірмеген. Басқарма айтулы компанияға тиісті шара қолдануын сұрап қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына шағым түсірген. Компанияның лицензиясын қайта қарауды сұраған. Ал спорт зал апатты деп танылғанымен, басқарма қайта сараптама тағайындаған.

Бақыт Тұрдиев, Шымкент қалалық құрылыс басқармасының бас маманы: «Ол жерде авариялық емес, күрделі жөндеуге, яғни іргетастары мен қабырғаларына усиление беру қажет деп санаған. Қазіргі таңда спорт залдың жер жұмыстарына геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Геологиялық зерттеу жұмыстары анықталғаннан кейін күрделі жөндеу немесе усиление беру туралы шешім қабылданады».

Маманның айтуынша, зерттеу жұмысына 1 ай шамасында уақыт кетеді. Одан кейін зерттеу қорытындысына сай шешім қабылданады. Күрделі жөндеу жұмысын жүргізеді не жоба қайта қаралады.