Шымкентте стратегиялық маңызы бар нысанды қорғауға бағытталған ауқымды оқу-жаттығу өтті. Қаладағы «3-Энергоорталық»-тың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аумақтық қорғаныс бөлімшелері, полиция, төтенше жағдайлар және медицина қызметтері бірлескен әрекеттерін пысықтады.
Шымкентте аса маңызды нысандарды қорғауға арналған оқу-жаттығу өтті. Шараға қалалық қорғаныс бригадасының резервтік жасағы мен құқық қорғау және төтенше жағдай қызметтері қатысты. Жаттығу барысында қатысушылар стратегиялық нысанды қорғау және шабуыл қаупін жою бойынша өзара үйлесімді әрекеттерін көрсетті. Оқу-жаттығу нысаны ретінде «3-Энергоорталық» таңдалды, бұл қала үшін маңызды энергетикалық кешендердің бірі.
Бахытжан Әшімов, Аумақтық қорғаныс бригадасының командирі: «Бүгінгі таңда қорғалатын обьектте Шымкенттегі 3-ші Жылу Орталығында қорғау ротасының іс-қимылдары көрсетілді. Және де актуалды сұрақтар көтерілді. Дронға қарсы іс-қимылдар. Оған қандай әрекеттер жасау керек. Кімдермен үйлестіру жүргізу керек. Және де басқа құрылым командирлері мен жеке құрамдарымен іс-қимылдар жасау сұрақтары көтерілді. Және де практикалық түрде көрсетілді»
Жаттығу аясында арнайы бөлімше қызметкерлері түрлі жағдайларда әрекет етуді үйренді. Олар жарылғыш заттарды анықтап, жою, шартты диверсанттарды бейтараптандыру және зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету дағдыларын шыңдады.
Бахытжан Әшімов, Аумақтық қорғаныс бригадасының командирі: «ҚР Қорғаныс саласын дамыту кешенді жоспарына сәйкес шілде айының 1-4 аралығында Шымкент қаласында аумақтық қорғаныс саласының қызметкерлері олар облыс әкімдері, республикалық маңызы бар қала әкімдерінің қорғаныс жөніндегі көмекшілері, жұмылдыру басқармаларының бастықтары және ҚР қарулы күштерінің аумақтық қорғаныс бригада командирлері арасында оқу-әдістемелік жиыны өткізілуде»
Айта кетсек, бұл жаттығу стратегиялық нысандарды қорғау, жедел әрекет ету жүйесін жетілдіру және құрылымдар арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталды.
Лаура Бабас