Қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмек бағасы арзандайды

Денсаулық сақтау министрлігі ірі фармкомпаниялармен әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектің бағасын төмендетуге келісім жасады. Компаниялардың ішінде шымкенттік «Химфарм» акционерлік қоғамы да бар. Бұл компания 2 типті қант диабетін емдеу үшін қолданылатын «Дапаглифлозин» препаратының сатып алу бағасын төмендетуге келіскен.

Денсаулық сақтау министрлігі Шымкенттегі «Химфарм» акционерлік қоғамымен меморандумға қол қойды. Компания 2 типті қант диабетін емдеу үшін қолданылатын «Дапаглифлозин» препаратының сатып алу бағасын төмендетуге дайын екенін растады. Қант диабеті әлемде ең көп таралған инфекциялық емес аурулардың қатарына жатады. Министрлік мәліметінше Қазақстанда 520 мыңнан астам адам қант диабетімен ауырады. Оның 5 жүз мыңға жуығы 2 типті қант диабетіне келеді.

«Бұл ауру әртүрлі асқынулардың, жүрек-қан тамырлары патологияларының, соқырлықтың, бүйрек жеткіліксіздігінің жалпы себебі болып табылады және емдеу, емдеуге жатқызу, еңбекке қабілеттілігін жоғалту түрінде өсіп келе жатқан әлеуметтік-экономикалық жүктемені тудырады», дейді Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрлік дәрілік заттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында шымкенттік «Химфарм» акционерлік қоғамымен бірге «Johnson & Johnson Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «АстраЗенека Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты ірі фармацевтикалық компаниялармен меморандумдарға отырғанын хабарлады. Келісім бірқатар қымбат және әлеуметтік маңызы бар препараттардың бағасын төмендетуге бағытталған. Бірақ әзірге қай дәрі-дәрмек қашан қаншаға арзандайтыны беймәлім.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Мұндай бастамалар фармацевтикалық нарықтағы тұрақтылықты нығайтуға, пациенттердің қазіргі заманғы препараттарға қолжетімділігін кеңейтуге, сондай-ақ инвестициялық ахуалды дамытуға және өндірісті оқшаулауға ықпал ететініне сенімдіміз».

Министрлік фармацевтикалық компанияларды адамдардың денсаулығын нығайтуға және медициналық көмектің сапасын арттыруға қолдау білдіруге шақырады. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, қалада 24 мыңнан аса адам қант диабетімен ауырады. Олардың ішінде 22 402 адам 2-типті қант диабетіне шалдыққан.

Дилара Иса