Қазақстанда дәрі-дәрмектің бағасы қалай төмендейді?

Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасын төмендету, қолжетімділігін арттыру мақсатында біршама жұмыс істегенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда 6 мыңға жуық дәрі-дәрмек тіркелген. Елде қандай дәрі-дәрмектердің бағасы қашан, қалай төмендейді? Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі «Отырар» телеарнасына жауап берді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 6 мыңға жуық дәрілік заттар тіркелген. Дәрі-дәрмектердің шекті бағасы кепілдендірілген тегін медициналық көмектің, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, сонымен бірге көтерме-бөлшек сауда желісі арқылы сатылатын препараттарға қолданылады. Министрлік амбулаториялық және стационарлық емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің бағасын 19 пайызға дейін, дәріханаларда 30 пайызға дейін төмендету көзделгенін хабарлады.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Бұған дейін мемлекет барлық дәрі-дәрмектердің бағасын бақылаған. Десе де 2023 жылы нарықта үш немесе одан да көп дәрілердің аналогын кезең-кезеңмен алып тастау туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде қазірдің өзінде 303 атау бойынша бағалар орта есеппен бұрынғы деңгейден 14-17 пайызға төмендеді. Өткен жылы тағы 900 дәрі, осы жылдың соңына дейін мыңнан астам препаратты реттеу жоспарланған»

Бағаны реттеу үшін министрлік препараттардың жаңа тізбесін жасап шығарған. Оған кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде 3475 дәрі-дәрмек және 2917 медициналық бұйым кірген.

Ал еркін саудада 6 мыңға жуық дәрі енген. Шекті баға дәрінің өндірісіне, дозасына, көлемі мен өлшеміне қарай қойылады. Айталық, дәріханадағы дәрілердің шектік бағасы 10 шетелдегі дәрілердің орташа бағасы мен Navlin Price& Access data халықаралық базасының деректері негізінде шығарылады. Референтті елдердің ішінде Венгрия, Түркия, Болгария, көрші жатқан Өзбекстан да бар.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Денсаулық сақтау министрлігі бағаны белгілеу үшін 16 референтті елді анықтады. Бұл елдердің ішінде экономикалық өлшемдері бізбен салыстыруға болатын және халқының табыс деңгейі жоғары елдер бар. Осы 16 елді қайта қарап, экономикалық өлшемдері Қазақстанға жақынырақ елдерге басымдық бердік. Сөйтіп 10 елге тоқтадық»

Министрлік мәліметінше, отандық дәрілік заттарға шекті бағаларды қою кезінде шетелдік нарықтағы бағалар ескеріледі. Одан бөлек, дәрі бағасына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Яғни, «бағалар себепсіз көтерілмейді және кез-келген алыпсатарлық немесе бағаны негізсіз көтеру әрекеттері тез анықталып, жойылады» дейді министрлік.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Қазірдің өзінде 5 мыңнан астам дәрі бағасын қайта қарау бекітілді. 1 қыркүйекке дейін көтерме және бөлшек саудада баға осыған сай өзгереді деп күтілуде. Ал жекелеген препараттар бойынша баға 15 пайыздан 20 пайызға дейін төмендейді»

Министрлік дәрі-дәрмектердің шекті бағасы бұрын есепке алынған маркетингтік, көлік шығындары мен сапаны бағалауға арналған шығындарды алып тастау есебінен төмендейді деп сендіреді. Сонымен бірге ескірген, тиімділігі төмен әрі шығынды дәрілер тізімнен алынады. Айта кетейік, ресми дерек бойынша, Қазақстанда пайдаланылған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 15 пайызы отандық өнім, қалғаны шетелден тасымалданады. Отандық өнімнің дерлік үштен бірі Шымкент қаласында дайындалады.

Дилара Иса