Қазақстанда жасанды интеллектті қолдану ережелері заңмен бекітілмек

Мәжілісте жасанды интеллектті қалай дұрыс пайдалану керектігін реттейтін жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Құжатта синтетикалық контентті арнайы белгілеу, жеке деректерді қорғау және киберқауіпсіздікті сақтау секілді маңызды мәселелер қамтылған. Бұл заң жасанды интеллекттің қауіпсіз әрі дұрыс дамуына жол ашуы керек.

Бүгінде жасанды интеллект пен адам жасаған контентті ажырату қиындай түсті. Осыған байланысты жаңа заңда ақылды технология көмегімен жасалған бейне, сурет немесе мәтін секілді материалдарды міндетті түрде белгілеу талап етілмек. Бұл қадам қоғамда ашықтықты қамтамасыз етіп, адамдардың сенімін арттыруға бағытталған дейді мамандар.

Серік Бимендеев, ҚР ЦДИАӨМ Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті мемлекеттік саясат басқармасының бас сарапшысы: «Бұл талап жасанды интелект арқылы жасалған кез келген контентке, соның ішінде дипфейктер сияқты синтетикалық медиаға да қатысты. Мұндай жағдайда жай ғана мәтін жазу жеткіліксіз – арнайы көзге көрінетін немесе дыбыспен естілетін белгі де болуы керек. Бұл шектеу емес, барлық тарапқа ортақ цифрлық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруды көздейді»

Бұл заң технологияларды қалай дұрыс әрі қауіпсіз пайдалану керектігін нақтылап береді. Сонымен қатар, халыққа ашық әрі түсінікті жүйе қалыптастырып, цифрлық әлемде кімнің не үшін жауапты екенін айқындайды. Сарапшылардың айтуынша, мұндай заң басқа елдерде бұрыннан қолданылып келеді. Ең бастысы – заңдылықты, этикалық талаптарды сақтау және азаматтардың жеке деректерін қорғау.

Евгений Питолин, DATASTAR компаниясының басқарушы директоры, QAZTECH альянсы ақпараттық қауіпсіздік комитетінің теңтөрағасы: «Кез келген ақпараттық жүйеде шешім қабылдау принциптері, ықтимал қателіктер мен жүйенің бейтараптығы мәселелері нақты жазылуы қажет. Азаматтар жүйенің қалай жұмыс істейтінін, кім жауапты екенін, қандай шектеулер барын және өзара әрекеттестік барысында не күтуге болатынын нақты түсінуі тиіс»

Жасанды интеллектті дұрыс қолданбаса, ол үлкен зиян келтіруі мүмкін. Мысалы, жалған ақпараттың таралуына жол ашып, адам құқықтарын бұзуы ықтимал. Әсіресе адамдарды шатастырып, өтірікке сендіретін дипфейктер өте қауіпті.

Евгений Яворский,  адвокат: «Президенттің бейнесін пайдаланып, жалған жарнама жасаған жағдайлар да кездесіп жатыр. Халық ондай ақпаратқа сеніп қалады, әсіресе танымал адамдардың сөзіне сенеді. Кейде адамдар алданғаннан кейін үлкен шығынға ұшырайды – мысалы, бір әже үйін сатып жіберуі мүмкін. Мұндай жағдайда жаза да келтірілген зиянға сай болуы керек. Себебі бәрі бірдей технологияны түсіне бермейді»

Жаңа заң тек ЖИ-ті реттеуді ғана емес, алаяқтықпен күресуді де мақсат етеді. Енді телефон нөмірін рәсімдеу үшін адамның биометриялық деректері қажет болады. Бұдан бөлек, «рұқсат етілмеген трафик» деген жаңа ұғым енгізіледі. Байланыс операторлары алаяқтарды анықтап, оларды бұғаттайтын арнайы жүйелерді орнатуы тиіс. Сондай-ақ жиі қолданылатын SIM-бокстарды елге кіргізуге және тіркеуге тыйым салынады. Бұл заң жобасы қазір Мәжілісте талқыланып жатыр.

Лаура Бабас