Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылында жанар-жағармай бекетінен өрт шығып, 1 адамды күйік шалды. Дәрігерлер науқастың жағдайы ауыр, өмір үшін күресіп жатыр дейді. Жанар-жағармай бекетімен бірге жанындағы тұрғын үй мен сауда үйін және дәріхананы шарпыған өртті сөндіруге 2 сағаттан артық уақыт кеткен.
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы тұрбат ауылындағы жанар-жағармай бекетінде өрт шықты. Жалын бекет жанындағы тұрғын үй мен дәріхана және сауда үйіне өткен.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, оқиға 7 шілде күні бесін кезінде болған. Өрт жанар-жағармай бекеті ауласында жанармай тасымалдайтын көліктен бензин құю кезінде шыққан.
«Бензавоздан бензин құю кезінде газды ауа қоспасының жарқылы орын алып қасында орналасқан жеке тұрғын үймен екі қоғамдық ғимаратқа ұласқан. Өрттің жалпы ауданы 855 шаршы метр. Газды ауа қоспасының жарқылы орын алу себебі анықталуда» Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті
Өрт кезінде 29 жастағы жанармай тасушы көліктің жүргізушісін күйік шалды. Қазығұрт аудандық ауруханасында ем алып жатқан оның жағдайын дәрігерлер ауыр дейді.
«Науқасты кезекші травматолог пен реаниматолог қарап шыққан. Ол шұғыл түрде жансақтау және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Алғашқы диагноз: жалыннан болған IIIА–IIIБ дәрежелі термиялық күйік, дене бетінің 85–90 пайызын қамтыған. Жағдайы өте ауыр, травматикалық шок байқалуда. Дәрігерлер науқастың өмірі үшін күресіп жатыр» Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы
Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің анықтау бөлімі мен зерттеу өрт-сынақ зертханасы жұмыс істеген. Өртті сөндіруге облыс және Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қырықтан аса қызметкері тартылған. Өртті сөндіруге 2 сағаттан артық уақыт кеткен.
Дилара Иса