Шымкенттегі Қошқарата өзені қаланың күретамыры деуге болады. Тап таза тұнық суы түрлі дертке дауа, жанға шипа. Жаздың аптап ыстығында салқын ауасы келушілерді тартары сөзсіз.
Қошқарата өзенінің бойындағы аумақ эко волонтерлердің жіті назарында. Күн сайын мұнда жүзуге 6 мыңға жуық адам келеді. Сондықтан жауапты тұлғалардың айтуынша, демалушылардың артынан қоқыс қалдықтары көптеп қалады.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында волонтерлар қалған қоқыстарды жинап, сонымен қатар өзен бойында өсіп тұрған ағаштар мен бұталарды ретке келтірді. Қошқаратаға күніне 6 мыңға жуық адам шомылуға келеді. Демалыс күндері бұл көрсеткіш екі есеге артады. Әсіресе ыстық ауа райында келушілер саны күрт артады.
Мамандар демалушылардың қатары көбейген сайын өзен жағасындағы қоқыстардың да көбейетінін атап өтті. Сондықтан аумақты кезекті тазалауға 20 адам жұмылдырылды. Ал «Таза Қазақстан» акциясы аясында 20-дан астам ерікті көмекке келді.
Бауыржан Қаумешов, Қошқарата учаскесінің меңгерушісі: «Аумақты демалушылар қалдырған қоқыстардан тазарту жұмыстары күн сайын тұрақты жүргізілуде. «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан кейін жұмысқа «Таза өлке» мекемесінен 23 адам және 20 қызметкеріміз қосылды. Тазалық жұмыстары жоғары деңгейде өтуде».
Қолайлы қалалық ортаны дамыту басқармасы акция аясындағы жұмыстар алдын ала бекітілген кесте бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Әуесбек Опабек, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы: «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында бекітілген жоспар бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 50-ге жуық іс-шара өткізілді. Жыл соңына дейін тағы 150 іс-шара жоспарланған».
Айта кету керек, акция аясында Шымкент қаласында 25 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Сенбілікке үшінші мегаполистің 500 мыңнан астам тұрғыны қатысты. Келушілерге айналаны таза ұстау қажеттігі турал түсіндірілді. Алдағы уақытта қаланың ең көрікті жері болып саналатын Қошқар ата өзенінің бойын таза ұстау басты назарда болмақ.