Құмар ойынға бәс тіккен 50 мемлекеттік қызметкер жұмыссыз қалмақ

Фото: freepik.com

Шымкентте құмар ойынға бәс тіккен 50 мемлекеттік қызметкер жұмыстан кетуі мүмкін. Қала прокуратурасының қадағалауымен жергілікті атқарушы орган қызметкерлеріне арнайы талдау жүргізілді. Нәтижесінде, құмар ойынның қызығына батқандар анықталды. Олар бір жылдың ішінде 400 млн. теңгеден астам қаржыны букмекерлік кеңсенің қазынасына құйған. Құмар ойынның жетегінде кеткендерді қандай жаза күтіп тұр? 

Мемлекеттік қызметкердің құмар ойынға бәс тігуі заң және этика тұрғысынан күрделі мәселе. Бұл әрекет Қазақстан Республикасының заңнамасына және мемлекеттік қызметкердің әдеп кодексіне қайшы. Осыған орай, 2024 жылы арнайы заң қабылданған болатын. Яғни, мемлекеттік қызметшілердің, оның ішінде онлайн форматта, құмар ойындары мен бәс тігуге қатысуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзу болып танылатыны айтылған. Оған қарамастан, Шымкенттік 50 қызметкер құмар ойынның қызығында жүрген.

Бегжан Құлатаев, Шымкент қалалық прокуратурасының басқарма бастығының орынбасары: «Қала прокуратурасы қадағалау ретімен жергілікті атқарушы органдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнаманың талаптарына сәйкес талдау жұмыстарын жүргізді. Өздеріңізге белгілі, былтыр мемлекет басшысы 8 шілде 2024 жылы ойын саласындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға байланысты бірқатар заңдарға өзгеріс енгізді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заң талаптарына өзгеріс енгізілген. Жалпы талдау барысында жергілікті атқарушы органның 161 қызметкері интернет желісі арқылы олимпбет тотализаторына бәс тіккені анықталды. Оның ішінде 50 қызметкер заң қолданысқа енгеннен кейін 443 млн. теңге бәс тіккен».

Ақшаны судай шашқан мемлекеттік қызметкерлер онлайн салған 443 млн. теңгені екі еселеп қайтарып алмақ болған. Бұл әрекеттері үшін жауапқа тартылған шенеуніктер енді жұмыссыз қалуы да ғажап емес. Қазіргі таңда талдау нәтижесімен прокуратура қадағалау актісін енгізді. Олардың тәуекелге құрылған заңсыз әрекеті комиссияның қарауында.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасына сәйкес, интернет желісінде құмар ойындарға бәс тіккені үшін келісімшартты бұзып, жұмыстан босату туралы келісімшартты бұзып, жұмыстан босату жазасы қарастырылған. Ондай, бұйрық құқықтық статистика органдарынада есепке алынып, қойылады, жаза қолданылады.

Жалпы Шымкент қаласы бойынша 161 жергілікті атқарушы органның қызметкерлері 2024 жылдың қаңтар айынан бастап онлайн құмар ойынға 757 млн. теңге бәс тіккен. Бұл аз ақша емес бірақ, айлығы шайлығынан артылмайтын мемлекеттік қызметкерлердің млндап салған ақшаны қайдан алғаны белгісіз.

Ал, оңай жолмен ақша табуға дәніккендер, құмар ойынның шырмауынан арыла алады ма? Бұл сұрақ ашық қалмақ. Десе де, айта кету керек, әрбір азамат, егов.мобайл қосымшасы арқылы құмар ойыннан өзін-өзі бірнеше жылға шектей алады.

Нұргүл Жолымбетова