Шымкентте зерттеу сынақ өрт зертханасы ашылды. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жаңа ғимараттың ашылуына арнайы қатысып, әріптестеріне алдағы жұмыс барысына сәттілік тіледі.
Жаңа нысан, кәсіби өрт-техникалық зерттеулер жүргізуге, өрттің себептерін анықтауға қауқарлы. Шымкентте сонымен қатар, өңірдегі алғашқы мамандандырылған медициналық орталық жұмысын бастады. Бұл орталық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне, олардың отбасыларына, сондай-ақ азаматтық қорғау органдарының ардагерлеріне қызмет көрсетпек.
Шымкентке арнайы іс-сапармен келген Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, өңірдегі алғашқы мамандандырылған медициналық орталық жұмысын бастауына себепші болды. Жоба құтқарушыларды әлеуметтік қолдауды күшейту жөніндегі ведомстволық бағдарлама шеңберінде іске асырылды.
Мұнда, терапевт, психолог және басқа да мамандар жұмыс істейді. Яғни, күйзеліс және жарақаттан кейінгі жағдайлар бойынша қызметкерлерге көмек көрсетіп, қолдау білдіреді. Әсіресе, апатты жағдаймен бетпе-бет келетін жандардың отбасыларына және ардагерлерге медициналық көмек тегін көрсетіледі.
Шыңғыс Әрінов, ҚР ТЖД министрі: «Осындай медициналық орталықтар еліміздің барлық өңірлерінде болуы керек. Біз осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Құтқарушылар мен олардың отбасыларының денсаулығына қамқорлық жасау – біздің жұмысымыздың басымдығы»
Айта кетейік, ғимарат күрделі жөндеуден және толық жаңғыртудан өтті. Үй-жайлар, инженерлік коммуникациялар және медициналық жабдықтар жаңартылды. Бұдан бөлек министр, Шымкенттегі зерттеу сынақ өрт зертханасының жаңа ғимаратының ашылуына қатысты.
Бұл өңірдегі осындай бейіндегі алғашқы мамандандырылған зертхана. Ол өрттің себептерін анықтауға, материалдардың жанғыштығын талдауға және өрт қауіп-қатерлерін бағалауға арналған. Ғимараттың ауданы 105 шаршы метр. Оның ішінде жабдықтары бар зертханалық үй-жай, қызметтік кабинет және гараж бар. Жаңа нысан кәсіби өрт-техникалық зерттеулер жүргізуге, өрттің себептерін анықтауға, әртүрлі материалдар мен жабдықтардың өрттің дамуына әсерін бағалауға, сондай-ақ өрт қаупіне заттарды сынауға мүмкіндік береді.
Құрылыс сәуір айында басталып, шілдеде аяқталды. Зертханада екі маман жұмыс істейді. Олардың иелігінде қызметтік автомобиль және материалдардың отқа төзімділігі мен жанғыштығын анықтауға арналған 37 бірлік жабдық бар. Барлық құрылғылар мен аппараттар ұлттық сараптама және сертификаттау орталығында тексеруден өткен.
Нұргүл Жолымбетова