Бүгін қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Руслан Берденовке 5 рет оқ атты деген күдікке ілінген Ернар Жиембайдың ісін өндіріске қабылдау және алдын ала тыңдау тағайындау туралы қаулы шығарды. Қаулыға сай қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау 28 шілде күні өтетін болды.
Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке 5 рет оқ атты деген күдікке ілінген Ернар Жиембайдың ісі сотқа өтті. Сот кабинеті жүйесіндегі дерекке қарағанда, іс Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен тіркелген. Істі қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Абинұр Қарабаев қарайды.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары аяқталғаннан кейін іс құжаттарымен таныстыру барысында сотталушы Ернар Жиембайға алқабилердің қатысуымен істі қараудың ерекшеліктері түсіндірілген, алайда ол істі алқабилердің қатысуымен немесе олардың қатысуынсыз қарау туралы пікірін білдірмеген»
Сот кабинеті жүйесі
Іс аса ауыр қылмыстар санатына жататындықтан алдын ала тыңдау жариялаған. Алдын ала тыңдау 28 шілде күні өтеді деп белгіленген.
«Сотталушының қылмыстық істі алқабилер мен немесе олардың қатысуынсыз қарау туралы пікірін анықтау үшін және тараптардын талап-тілектер түскен жағдайда, оларды шешу мақсатында іс бойынша алдын-ала тыңдау тағайындау қажет деп санаймын»
Сот кабинеті жүйесі
Жиембайға қатысты қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалған. Еске салайық, 21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің бірнеше жеріне оқ тиіп, ауыр жарақат алған. 5 рет оқ атты деген күдікке қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры күдікке ілінген.
Дилара Иса