Сайрам ауданында 32 отбасы баспаналы болды

Сайрам ауданында 32 отбасы жаңа пәтердің кілтін алып, көптен күткен қуанышқа кенелді. Бұл – мемлекет тарапынан жүзеге асқан тұрғын үймен қамту бағдарламасының жемісі деп отыр жауаптылар. 

Сайрам ауданында 32 отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенелді. Жаңа үйлер әлеуметтік осал топтарға, яғни көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға табысталды. Пәтер кілтін алғандардың бірі – Салтанат Сембиева. Ол бұл сәтті 13 жыл бойы күткенін айтады.

Салтанат Сембиева, Сайрам ауданының тұрғыны: «Бүгін қуаныш! Міне қуанып отырмыз, үй алып. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қатты қуанып отырмыз. Бала-шағам да қуанып отыр. Бәрі осында. Бүгін үйімізді көрейік деп. Әкімдерге рақмет. Осыны ұйымдастырып, халыққа беріп отырған».

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сайрам ауданына арнайы келіп, Ақсукент ауыл округіндегі жаңа қоныс иелерінің қуанышымен бөлісті. Өңір басшысы тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтарға арендалық пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстап, жүрекжарды тілегін арнады. Сондай-ақ, әкім көпшілікпен бірге жаңа пәтерлерді аралап шықты.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Әр ауданда пәтерлер салынып, көпбалалы аналарымыз бар халыққа қолжетімді осындай пәтер, баспана беру бойынша осындай жұмыстар атқарылып жатыр. Тазалық жинаған жерде емес, тазалық сақталған жерде. Осы кішкентай бүлдіршіндерді бала кезінен тәрбиелеп, тазалыққа үйретуді сұраймын. Өйткені әр ауданды аралап жүрмін. Орталықтарда, саябақтарда қоқыс. Оның бәрін ешкім сырттан әкеліп жатқан жоқ. Өзіміз жасап отырмыз. Сондықтан тағы да қоныс құтты болсын!».

Айта кетейік, бұл тұрғын үйлер 1 гектардан астам аумақта салынған. Екі қабатты алты үйден тұратын кешенде 80 пәтер бар. Нысанның құрылысы «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүзеге асты. Жобаны 2024 жылы жеке инвестор қолға алып, биыл толық аяқтап, пайдалануға берді.

«Қазіргі таңда облыс көлемінде 69 мың азамат тұрғын үй кезегінде тіркелсе, соның 6 пайызы, яғни 4 251 азамат — Сайрам ауданының тұрғындары. Аудандағы баспана мәселесін шешу мақсатында Ақсукент және Ақбастау ауылында екі қабатты 96 пәтерлі тұрғын үйді сатып алу жоспарланып отыр»

Бүгінгі таңда Түркістан облысында тұрғын үймен қамту бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. Облыс орталығы мен аудандарда жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр, пәтерге мұқтаж азаматтар көптен күткен қонысқа қол жеткізіп келеді. Бұл — жүйелі мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі дейді жауапты мамандар.

Лаура Бабас