Сайрам-Өгемде адасып кеткен екі бала табылды

Түркістан облысы Төлеби ауданы Қасқасу ауылынан 20 шақырым қашықта орналасқан Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркі аумағында жоғалған екі бала табылды. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

«13 жастағы екі турист адасып, тік жартасты беткейде қалып қойған. Олар өздігінен төмен түсе алмаған. Зардап шеккендердің бірімен байланыс тұрақсыз болғанымен, геолокациясы анықталды», деп хабарлайды Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Табылған екі бала да дін аман, медициналық көмекке жүгінбеген. Құтқару жұмысына кинологпен бірге республикалық жедел-құтқару жасағының тобы тартылған. Құтқарушылар ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен балалардың орнын анықтап, бағыт-бағдар беріп, қауіпсіз жерге дейін түсірген.

Дилара Иса