Шардарадағы жағажай: «Бастысы тазалық сақтаңыздар!»

Шардара су қоймасындағы қоқысқа толған жағажай туралы әлеуметтік желіде видео тарап, Түркістан облысы әкімі бұл үшін жауапты мамандарды жинап, сұрақтың астына алып, сөккеніне де аптадан асты. Облыс әкімі оқиға орнына қайта барып, жағажайдың бүгінгі жай-күйімен тағы танысты. Жағажайда не өзгерді? 

«Бұл бетте оңып тұрған жоқ. Балаларым айтады «Мама, мына суға түскіміз келмейді. Суда қарбыздың қабығы жатыр. Қоқыс жатыр. Кеше айтып жатыр осы судан тері аурулары шыққан. Адамдар қоқыс тастағандықтан су ластанып кеткен деп».

Бұл шілде айының басында әлеуметтік желіде тараған видео. Видео авторы Түркістан облысы Шардара су қоймасының жағалауында орналасқан демалыс аймағының жай-күйін көрсетіп тұр.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Бұл біздің келбетіміз ғой. Осымен бізді сынайды ғой. Не проблема? Мына жерде қанша метр пляж? Соны ретке келтіріп, таза ұстауға? Сол жерге дұрыстап киім ауыстыратын жер, жуынатын орын, бәрін ретке қойып жасауға. Не проблема? Жауапкершілікпен қараңыздар».

Көп өтпей облыс әкімі Нұралхан Көшеров Шардара ауданына іссапармен барып, жауапты адамдарды жинап, сұрақтың астына алған. Әкімдік, полиция мен прокуратура бірігіп жағажайдағы «NurDelux», «Ержан», «Шадияр», «Сыр Нұры» демалыс аймағында қауіпсіздік пен санитарлық талаптардың сақталуын бақылау үшін рейд жүргізген. Санитарлық нормаларды сақтамаған демалушылар мен кәсіпкерлерге әкімшілік айыппұл салынған. Енді міне араға апта салып облыс әкімі Шардараға қайта барды. Бір аптаның ішінде жағажайда не өзгерді?

«Біз анықтағанымыз 409 тапчан болды. Оның ішінде 171-і талапқа сәйкес емес. Алып тастадық».

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, бүгінде жағажайлар ретке келтірілген. Мониторинг жұмыстары тұрақты жүргізіліп, полиция қызметкерлері қауіпсіздік талаптары қатаң бақылауда. Тексеру нәтижесінде жағажайдағы 409 сәкінің 171-і талапқа сай болмағаны анықталып, жағажайдан алып тасталған. Қалған 238 сәкі су жағасынан 50 метрге жылжытылды. Бүгінде мұнда биоәжетхана, қоқыс жәшіктеріне арналған кабиналар да қойылған. Тазалық жұмыстарына техника, ондаған жұмысшы тартылған.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Ең бастысы тазалықты сақтаңыздар. Өткенде қазан-ошақ қойғаныңыз ол да дұрыс емес. Қанша балалар жүгіріп жүр. Біреуі түсіп қалса кім жауап береді.
— Дұрыс айтасыз.
— Бірімен-бірі ойнап, құласа. Осылай ұстап отырыңыздаршы. Өз кәсібіңіз, кәсібіңізді таза ұстасаңыз адам көбірек келеді ғой сізге.

Оған қоса әкімдік полицейлер 2 жүзге жуық құқықбұзушылықты анықтап, 36 әкімшілік хаттама толтырғанын хабарлады. Заңға бағынбағандарға айыппұл салынған. Жағажайға 16 құтқарушы бекітіліп, қалқымалы қауіпсіздік белгілері орнатылған.

Жалпы Шардара су қоймасының көлемі 5,2 млрд. текше метр. Ал ұзындығы 80 шақырымға жетеді.

Дилара Иса