Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласының Абай ауданы тұрғындарымен кездесу өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – қабылданған заңнамалық актілердің мазмұнын түсіндіру.
Депутаттар өткен парламенттік сессияның негізгі қорытындылары, заңнамадағы кейінгі өзгерістер және мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары туралы хабардар етті және жергілікті инфрақұрылым мәселелерін талқылады.
Кездесуге ауданның белсенді тұрғындары, ардагерлер, қоғам қайраткерлері мен жастар қатысты. Басқосуда халықтың өмір сүру сапасын арттыру, азаматтардың құқығын қорғау және сот төрелігі жүйесін жетілдіру жөніндегі түзетулерге ерекше назар аударылды. Мемлекеттік тұрғын үй саясаты, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес және қылмыстық заңнамаға қатысты мәселелер басты тақырыптың қатарында болды.
Қатысушылар өзекті әлеуметтік-экономикалық түйткілдерді көтеріп, депутаттарға тікелей сұрақтар қойды.
Тұрғындар жолдардың сапасыздығы, көше жарығының жеткіліксіздігі, санитариялық жағдайдың көңіл көншітпейтіні сияқты мәселелерді алға тартты. Сонымен қатар, спорт нысандарының жетіспеушілігі, жұмыссыздық, жер телімдерін бөлу барысындағы түйткілдер, сондай-ақ заңсыз құрылыс нысандарының көбеюі мәселелері кеңінен сөз болды.
Сенатор Нұрлан Бекназаров кездесуде:
«Халық көтерген әрбір мәселе біздің назарымызда. Біздің міндетіміз – тек заң қабылдау ғана емес, сол заңдардың орындалуын қадағалау. Азаматтардың нақты сұрақтарына нақты жауап беру – басты басымдық. Халықпен тұрақты пікірлесу болмайынша өңірлердің орнықты дамуы мүмкін емес. Мұндай кездесулер өзекті мәселелерді анықтауға және адамдардың нақты мұқтажына сай шешімдер табуға көмектеседі. Жұмыс сапарлары жағдаймен жеке танысуға, азаматтардың, бизнес пен қоғамдық ұйымдардың пікірін тыңдауға мүмкіндік береді. Бұл әділ және жауапты заңнамалық саясаттың негізі. Лайықты өмір сүру, заманауи инфрақұрылым, сапалы білім беру, қолжетімді денсаулық сақтау және кәсіпкерлікті қолдау басты назарда болуы тиіс», – деп атап өтті.
Кездесуді ұйымдастырушылар тұрғындардан түскен барлық ұсыныс пен өтініштер тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, оларды шешу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.