Қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізгі тірегі — заң мен тәртіп. Ал, құқықтық мәдениет – заңға сай жөн-жосықты білу, әдепті болу. Өз құқығыңды білу – заң белгілеп берген шекарадан шықпай, құқықтық негізде өмір сүру және заң аясында жауапты болу деген сөз.
Заң мен тәртіпке бағынған ел ғана қауіпсіз қоғам, құқықтық мемлекет қалыптастыра алады.
«Заң мен тәртіп» қағидаты Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.
«Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс», – деді Президент өзінің бір сөзінде.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеоогиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Өйткені құқықтық сауаттың төмен болуы жағымсыз үрдістердің белең алуына әкеп соқтырады. Көшедегі мәдениетсіздіктен бастап, төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұру, келеңсіздіктермен қоғам болып күресу өте маңызды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Заң мен Тәртіп» апталығы аясында Шымкент қаласының прокуратура, әкімдік, полиция, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тергеу департаменті өкілдерінен құралған мобильді заң тобы Шымкент қаласы Қаратау ауданының тұрғындарының қабылдауын жүргізді.
Іс-шара барысында аудан тұрғындары өз құқықтарын қорғау, әлеуметтік-құқықтық мәселелер бойынша кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл акцияның негізгі мақсаты – құқықтық сауаттылықты арттыру, заңсыз әрекеттердің алдын алу және азаматтарға қолжетімді заңдық қолдау көрсету болып табылады.
Ұйымдастырылған іс-шаралар арқылы қоғамда заңға деген сенім нығаяды, ал мемлекеттік органдар мен халық арасындағы өзара ынтымақтастық күшейе түсетіні айтпаса да белгілі.