Шымкент қаласындағы «AMANAT» партиясы филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» жобасы аясында тұрғындармен кезекті кездесу ұйымдастырылды. Бұл жолы азаматтарды Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева жеке қабылдап, әрбірінің сұрағына назар аударды.
«Amanat» партиясының жанынан құрылған «Құқықтық көмек» жобасы қазақстандықтарға тегін заңгерлік көмек көрсетеді. Партия өкілдері заң ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеу үшін арнайы меморандумға қол қойды. Жоба аясында көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған адамдарға, сондай-ақ алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау мәселелері бойынша жүгінуге болады. Азаматтарға білікті мамандар заң аясында көмек көрсетеді. Кездесулерде көтерілген мәселелерге талдау жасалып оның қорытындысы Мәжілістегі Amanat фракциясына жолданып отырады. Мақсат — қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін қарастыру.
Келушілер негізінен атаулы әлеуметтік көмек алу, жұмысқа орналасу және мүгедектік рәсімдеу секілді әлеуметтік сипаттағы мәселелерді көтерді. Мысалы, Қазына көшесінің тұрғыны, зейнеткер азамат емдеу-сауықтыру мекемесіне жолдама алу тәртібін білгісі келіп, кеңес сұрады. Басқарма басшысы зейнет жасындағы адамдарға арналған мемлекеттік қолдау бағдарламаларын егжей-тегжейлі түсіндіріп, қажетті мәліметтермен бөлісті.
Жұмыс сұрап келген азаматтардың бір бөлігі қабылдау кезінде-ақ жұмысқа жолданып, нақты көмек алды. Әрбір өтініш жеке қаралып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданды.
— «Құқықтық көмек» партиялық жобасының мақсаты – азаматтардың құқықтық деңгейін арттыру, тегін заңгерлік кеңестер беру, заң талаптарына сәйкес мүгедектер санатына жататындарға заңгерлік сүймелдеумен көмектесу. Біз үшін ең маңыздысы — әр азаматтың өтінішіне жауапкершілікпен қарап, заң аясында нақты шешімдер ұсыну. Әлеуметтік көмекке мұқтаж тұрғындарды қолдау — біздің басты парызымыз, — деді Жанат Өмірсейітқызы.
Партияның мәлімдеуінше, мұндай қабылдаулар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.