Халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру — азаматтық қоғамның дамуында, құқықтық мемлекет құруда, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұл процесс қоғамның әр мүшесінің құқықтары мен міндеттерін түсіну, құқықтық нормаларды сақтау мен құрметтеу, азаматтық белсенділікті арттыру арқылы жүзеге асырылады. Тиімді ақпараттық науқандар, білім беру жүйесіндегі реформалар, құқық қорғау органдарының ашықтығы мен қоғамдық ұйымдардың рөлі — құқықтық мәдениетті қалыптастырудың негізгі құрамдас бөліктері.
2025 жылы Шымкент қаласында құқықтық мәдениетті арттыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеру және заң аясында әрекет ету дағдысын қалыптастыру бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыс жалғасып келеді.
Осыған орай Шымкент қаласында ауқымды іс-шара өтті. «Түркістан» сарайында Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен «Заң және тәртіп» нарративі аясында форум ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараға құқық қорғау органдарының басшылары, қала әкімінің орынбасарлары және мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Форум барысында қоғамда өзекті болып отырған бірқатар мәселелер, атап айтқанда, «дроп» ұғымы, қаржылық пирамидалармен күрес жолдары, интернет алаяқтық пен киберқылмыстардың алдын алу тетіктері талқыланды. Аталмыш мәселелер бойынша тиісті сала мамандары өз баяндамаларын оқып, кеңестерімен бөлісті.
Берері мол шараның мақсаты — құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтарды құқықтық қауіптерден қорғау және заңнамалық мәдениетті арттыру болып табылады. Сонымен бірге заң үстемдігін қамтамасыз ету, заңсыз әрекеттерге қарсы тиімді шаралар қолдану және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру — қоғамдағы құқықтық сауаттылықты, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін түсіну деңгейін арттыру, құқықтық нормаларды сақтау мен құрметтеуді дамытуға бағытталған жүйелі процесс.
Осы секілді іс-шаралар мемлекеттік басқару, құқық қорғау жүйесі және қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға негізделген. Сонымен бірге құқықтық сауаттылықты арттыруға және қоғамда заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Құқықтық сауаттылық – бұл әр азаматтың қауіпсіздігіне салынған негіз. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыс бір күндік емес, үздіксіз жүргізілетін ұзақ мерзімді үдеріс ретінде жалғаса береді.