Шымкент: Құқықтық тәртіпті нығайту тетіктері талқыланды

фото ШӨКҚ

«Қызғалдақ» сарайында Шымкент қаласының әкімдігі мен қала прокуратурасының бірлескен Алқа отырысы жаңа форматта, кеңейтілген құраммен өтті. Себебі жиынға құқық қорғау және мемлекеттік органдардан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қаланың құқықтық дамуына мүдделі мәслихат депутаттары, саяси партиялар мен діни ұйымдардың басшылары, ардагерлер кеңесінің төрағалары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, қоғамдық ұйымдар, бизнес қауымдастығы, жастар, спортшылар мен белсенді азаматтар бас қосты.

Қала прокуроры Ғабит Мұқановтың төрағалығымен өткен қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің осы жолғы кеңейтілген отырысында құқықтық тәртіпті нығайту, құқықбұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқановтың айтуынша, жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол қозғалысы қауіпсіздігі, азаматтардың құқықтарын қорғау, экстремизм мен терроризмнің алдын алу, көші-қон мәселелері кең ауқымда қаралған.
Заң мен тәртіп саласындағы үйлесімді жұмыстың тиімділігі бірнеше есе артады.
«Бірлік түбі – береке» дегендей, ортақ іске жұмыла кіріссек, нәтиже де соғұрлым оң болады. Қазірдің өзінде үш бастамамен меморандум жасалып, жұмыстар басталып кетті. Біріншісі – жеті құқық қорғау органының ардагерлері мектептермен тығыз байланыс орнатып, тәлімгерлік бағытта тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастыруға белсенді қатысады. Екіншіден, қаламыздың ІТ саласындағы компания құқық қорғау органдарының цифрлық әлеуетін күшейту, ақпараттық қауіпсіздікті нығайту және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға қолдау көрсететінін жеткізіп отыр. Үшіншіден, есірткі тұтынушыларды есепке алу және оларға көмек көрсетуге бағытталған келісім. Қазір есірткіге тәуелді адамдармен жүйелі жұмыс жүргізілмейді, тек олардың туыстары ғана ем іздеп, жол табуға тырысады. Бұл – қоғам үшін аса өзекті мәселе. Сондықтан бұл салада нақты қолдау мен бірлескен қадам қажет».
Сондай-ақ, мемлекеттік және жеке сектор арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған бірқатар меморандумға қол қойылды. Айталық, қалалық прокуратураның «Заң Үйірмесі», «Киберпол», BAIQA SYSTEM, «Кибер-Шериф», «Тазалық сақшылары» жобалары, сондай-ақ отбасындағы зорлық-зомбылық пен қылмыстық теріс қылықтармен күреске бағытталған жаңа ведомствоаралық тетіктер таныстырылды.