ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарованың Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Сот сараптамалары институтында кездесу өтті. Жиын барысында депутаттар аталған мекеменің жұмыс барысымен танысып, сот сараптамасы саласындағы өзекті түйткілдерді көзбен көріп, сарапшы мамандармен пікір алмасты.
Кездесу барысында сенаторлар институттың материалдық-техникалық жай-күйін көзбен көріп, саланың өзекті мәселелеріне назар аударды. Сапар барысында сенаторлар институттың материалдық-техникалық базасын көріп, ғимараттың тозығы жеткенін, қажетті құрал-жабдықтардың заманауи талаптарға сай келмейтінін, кадр тапшылығы да саланың дамуында кері әсер етіп отырған басты мәселелердің бірі екенін көрді. Институт директорының орынбасары Динара Даулеткелдіқызы аталған мәселелерді растай отырып, мекеменің қазіргі жағдайына тоқталды:
«Бүгінгі күні ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Сараптамалық жұмыстарға арналған заманауи техникалық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі мен маман тапшылығы – үлкен кедергі. Бұл түйткілдер жөнінде құзырлы органдарға бірнеше рет хабарладық. Бүгінгі кездесу нақты нәтижелерге жол ашады деп үміттенеміз», – деді ол.
Кездесу соңында сөз алған сенатор Нұрлан Бекназаров сот сараптамасының әділдік пен заңдылықты қамтамасыз етудегі маңызын айрықша атап өтті.
Құқықтық мемлекет құру үшін сот сараптамасының дәлдігі мен шапшаңдығы аса маңызды. Азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғауда сот сараптамасы маңызды рөл атқарады. Осы салаға көңіл бөлмей, әділетті қоғам құрамыз деу қиын. Мұнда айтылған мәселелер біз үшін өте өзекті. Бұл түйткілдердің шешімін табу үшін Үкімет деңгейінде нақты ұсыныстар енгізіп, сіздердің мәселелеріңізді құзырлы органдарға жеткізіп, шешу жолдарын қарастырамыз, — деді Нұрлан Құдиярұлы.
Бұл кездесу елдегі сот сараптамасы саласын жетілдіруге бағытталды. Сарапшылар мен заң шығарушылар арасындағы тікелей диалогтың нәтижесінде саладағы қордаланған мәселелерге нақты шешімдер табыларына сенім мол.
Сондай-ақ, кездесу барысында сенаторлар мекеме қызметкерлеріне Мемлекет басшысының тапсырмалары, елде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы егжей-тегжейлі айтып, Сенаттың заң шығару қызметінің негізгі бағыттары мен қабылданған заңнамалық бастамаларын да түсіндіріп өтті.