Шымкентте этномедиацияның құқықтық негіздері жан-жақты талқыланды

фото ШӨКҚ

Шымкент қаласындағы «Достық» үйінде «Этномедиация: этносаралық келісім мен татулықтың жолы» тақырыбында ауқымды мастер-класс өтті. Аталған іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен ұйымдастырылған Медиация апталығы аясында өтті.
Медиация апталығы – елдегі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Биылғы апталық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномедиация кеңесі мен Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының бірлескен бастамасымен жүзеге асырылуда.
Іс-шара аясында этносаралық келісімді сақтаудың және даулы жағдайларды бейбіт жолмен шешудің маңыздылығы кеңінен талқыланды. Мастер-класс барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында этномедиацияның рөлін арттыру жөнінде берген тапсырмасы ерекше атап өтілді.
Шараға қалалық этномедиация кеңесінің төрайымы, кәсіби медиатор, «Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Дана Кенжеқұлова және Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Еркен Отарбаев қатысты. Сарапшылар медиацияның құқықтық негіздері, оның қоғамдағы орны мен тиімділігі жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынды.
Сонымен қатар, заңгерлер, сарапшы-блогерлер мен ипотекалық брокерлер үшін «Этномедиация – татулық пен келісім құралы» атты арнайы тегін шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Шеберлік сабағында этномедиация құралдары мен артықшылықтары нақты мысалдар арқылы түсіндіріліп, практикалық білім берілді.
Іс-шара аясында қатысушылар этномедиация тақырыбында пікір алмасып, өзекті сұрақтарын сарапшыларға жолдады. Мұндай форматтағы ашық диалогтар медиацияны қоғамда кеңінен танытып, дау-дамайларды сотқа дейінгі реттеу тәжірибесін арттыруға ықпал етеді.
Этномедиация – тек құқықтық тетік қана емес, ол – қоғамда бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтатын маңызды әлеуметтік құрал. Іс-шараға қатысушылар бұл бағыттағы бастамалардың этносаралық қатынастарды дамытуға және ұлтаралық келісімді одан әрі күшейтуге септігін тигізетінін ерекше атап өтті.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында 5 медиация орталығы жұмыс істейді. Осы орталықтардағы келіссөз жүргізуші кәсіби мамандардың этномедиация аясында білімдерін көтеру бағытындағы оқыту әрі әдістемелік бағыттағы жұмыстар қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен тұрақты әрі жоспарлы жүргізіліп келеді.