Шымкентте 15 және 16 жастағы жасөспірім қыздар жыныстық құлдықтан құтқарылды

Шымкентте 15 және 16 жастағы жасөспірім қыздар жыныстық құлдықтан құтқарылды. Бұл туралы қаладағы адам саудасына түскен адамдарға пана болатын №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы хабарлады. Оларды Тараз және Алматы қаласынан 22 жастағы қыз алып келген.

№3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының мәліметінше, Шымкентте 15 және 16 жастағы жасөспірім қыздар жыныстық құлдықтан құтқарылды. Оның сөзінше, қыздарды биыл 11 наурыз күні қалалық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері алып келген. Олар жалдамалы пәтерден табылған.

Тергеп-тексеру кезінде қыздардың адам саудасына тартылып, құрбаны болғаны анықталған. Бірі — Тараз қаласының, екіншісі Алматы қаласының тұрғыны. Оларды 22 жастағы қыз Шымкентке алып келген. Қыздар қайда, не үшін бара жатқанын білмеген.

Ғалия Муталиева, №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы басшысының орынбасары: «Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, біздің орталыққа әкеліп, жайғастырды. Әрине ата-анасының өтінішімен келіп жайғасты.  Алғашқы кезден бастап медициналық, олардың денсаулықтары қалай болды, қалай келді, медициналық тексеруден өткіздік. Психологиялық, құқықтық көмектер берілді. Ең басты назар аударатынымыз осы көмек түрлері көрсетілді.  Қыздарға әлеуметтік көмек түрлері көрсетілді».

Ғалия Муталиеваның айтуынша, орталыққа жылына құлдықтың құрбанына айналған 3-4 адам түседі екен. Олардың ішінде жыныстық құлдыққа түскендерден бөлек еркінен тыс еңбекке жегілгендер де бар.

Ғалия Муталиева, №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы басшысының орынбасары: «Бір кісі мүгедек болып келді. Ол кісінің еңбегі қаналған, қорқытып-үркіту арқылы адам саудасына салған. Одан бөлек Өзбекстан азаматшасы болды. Оны да алдап-арбаумен жолымен қойшыларға тамақ жасату мақсатында алып барып, еңбек ақысын бермеген. Екеуін де күшпен ұстап, құжаттарын алып қойған».

Қалалық әлеуметтік қорғау басқармасының дерегінше, соңғы 5 жылда Шымкентте 15 адам адам саудасына тап болған. Олар Қазақстан және Өзбекстан азаматтары. Құлдыққа түскендердің дені әйелдер екен. Кейбірі тіпті құлдықта балаларымен бірге болған.

Дилара Иса