Кеше Шымкенттегі Тұран-2 ықшам ауданында 6 қабаттан 2 жасар бала құлап, қайтыс болды. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бұл жыл басын бергі төртінші жағдай. Мамандар ата-аналарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.
Қайғылы оқиға 6 шілде күні түске жақын Шымкенттегі Тұран-2 ықшам ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бала отбасымен 9 қабатты тұрғын үйдің 6 қабатында жалдамалы пәтерде өмір сүрген. Анасы үйде, әкесі жұмысқа кеткен. Ас бөлмесіне шығып кеткен анасы қас-қағым сәтте баласынан айырылып қалған. Марқұм қонақ бөлмесіндегі терезеге қойылған торға сүйеніп, тормен бірге құлаған.
Ирисмад Махмудов, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы: «9 қабатты тұрғын үйдің 6 қабаты терезесінен кішкентай бала құлағаны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған хабарламаның мән-жайын анықтау бойынша департамент қызметкерлері шыққан. Жалпы жалдамалы пәтердің иелері балаларды қараусыз қалдырып, балалар маскитті сеткаға сүйеніп, тормен бірге жерге түсіп, жедел жәрдем көлігімен жолда қайтыс болған».
Басқарма басшысының мәліметінше, биылға қала бойынша бұл төртінші қайғылы жағдай. 4 жағдайдың үшеуінде балалар қайтыс болған. Төтеншеліктер қайғылы оқиғалардың алдын-алу үшін ата-аналарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, сақ болуға шақырады.
Ирисмад Махмудов, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы: «Барлық ата-аналарға айтатынымыз кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға, қазір барлығымыз білеміз, жас мезгілі күн ыстық, пәтерлерде ыстық болады. Терезелерді толығымен ашып тастайды. Терезелерді толық ашпауға ұсыныс береміз. Жалпы бекіткіштерді орнатуды, жиһаздарды терезе түбіне қоймауды, балаларды жалғыз қалдырмауды және маскитті тор ол балалар ойлайды ол қорғайды деп, бірақ ол өте қауіпті нәрсе, оған сүйене тұра баламен бірге түсіп кетуі мүмкін. Соңғы жағдай осы проблеманы көрсетіп тұр».
Мамандар жазатайым оқиға әп-сәтте санаулы секундтарда орын алуы мүмкін екенін ескертеді. Ресми мәлімет бойынша, 2024 жылы қалада 8 бала көпқабатты үйлердің терезесінен құлаған. Олардың біреуі қйтыс болып, қалғаны аман қалған.
Дилара Иса