Шымкентте «Қозғалмалы қабылдау» акциясы өтті

фото ШӨКҚ

Адамдар арасында «жеңіл ақша тапсам» деген түсінік пайда болды. Салдарынан түрлі қаржылық пирамида, алаяқтарға алданып қалады. Мұның барлығы сайып келгенде азаматтардың қаржылық сауаттылығының төмендігінен. Шымкентте тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында құқықтық ақпараттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Құқықтық ақпараттандырудың маңызды бағыты — бұл қала тұрғындарын заңдарға қатысты жаңалықтар мен өзгерістер туралы хабардар ету. Шымкентте мемлекеттік органдар мен құқық қорғау ұйымдары жиі түрде ашық дәрістер мен азаматтармен кездесулер өткізіп, халықтың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған ақпараттық науқандар жүргізеді.
Жуырда Шымкент қаласында «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында қалалық прокуратураның үйлестіруімен «Қозғалмалы қабылдау» акциясы өтті.
Іс-шараның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтардың өзекті мәселелерін жедел шешуге жәрдемдесу және құқық қорғау органдары мен халық арасындағы ашық диалогты қамтамасыз ету.
Акция барысында прокуратура, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қала тұрғындарын көшпелі форматта қабылдап, тегін құқықтық кеңес беріп, азаматтардың өтініштерін тыңдауда.
Шараға Әділет департаментінің сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімінің бас маманы Бекжан Тағайбек және адвокат Ерлан Тилеуов қатысып, халыққа тегін құқықтық көмек көрсетуде. Сондай-ақ, мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар туралы көрнекі материалдар таратылуда.
Сонымен қатар, іс-шараға Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы да атсалысып, халыққа жұмыспен қамтудың белсенді шаралары мен мемлекеттік бағдарламалар жайында ақпарат беруде. Атап айтқанда, тұрғындарға солтүстікке ерікті қоныс аудару, қайтарымсыз гранттар, кәсіптік оқу, «Күміс жас», қоғамдық жұмыс, жастар практикасы және әлеуметтік жұмыс орындары секілді бағдарламалар бойынша мәлімет беріліп, мамандар сұрақтарға жауап беріп жатыр.
«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында мұндай қабылдаулар алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылады деп күтілуде.