Қыстың қамын жазда ойла. Шымкент қаласы, Еңбекші ауданында көпқабатты тұрғын үйлерде жылу жүйелерін тексеру және дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, жылу жүйелерін сығымдау шаралары қолға алынған. Бүгінге дейін 30 — дан астам тұрғын үйдің жылу құбырлары қысқы маусымға сақадай сай. Ал қалған үйлерде тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Ермахан Сейітов 12 шағын ауданында 8 жылдан бері тұрып келеді. Жыл сайын тұрғындармен бірге, қысқы жылыту маусымына дайындықты ерте бастайды. Көнерген құбыр жүйелерін ауыстырып, түтін мұржаларын тексеріп, жазғы жұмыстарды пысықтап шығады. Бұл әр жылда атқарылатын шаруа дейді қала тұрғыны. Айтуынша, жылу жүйелерін сығымдау шаралары үшін арнайы маманмен келісімшартқа тұрған.
Ермахан Сейітов, Қала тұрғыны: «Қазір бізде опрессовка жұмыстары жүріп жатыр. Опрессовка жұмысын Асқар ағай істейді. Ол кісі өзі жұмысына маман кісі. Барлықтарыңызды жұмыстар барысында үйде болуларыңызды сұраймыз. Қыстың күні жылу берген кезде жарылып кетпес үшін. Бұл алдынала қысқа деген дайындық. Басқаларды білмеймін. Біз өзіміздің стояктарды барлығын ауыстырып тастағанбыз».
Бұл жұмыстар құбырлар мен радиаторлардағы ақауларды ерте анықтап, қыс кезінде апаттық жағдайлардың алдын алуға бағытталған дейді әкімдік қызметкерлері. Сығымдау барысында су жүйесіне жоғары қысым беріледі, бұл арқылы жүйенің тығыздығы тексеріледі. Жауапты мекемелердің хабарлауынша, сығымдау жұмыстары кесте бойынша жүргізіліп жатыр. Тұрғындардан түсіністік танытып, уақытша қолайсыздықтарға дайын болу сұралады.
Пернебек Айтжанов, Еңбекші ауданы әкімдігінің бөлім басшысы: «Еңбекші ауданы тарапынан мамандармен бірлесіп, қала тұрғындарына түсндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. БАҚ өкілдерін пайдаланып, барша тұрғындарды қысқы дайындық жұмыстарына шақырамын. Құбырларын тазалауға, терезелеріне решетка қоюға. Қазір бізде жертөледе элеваторлы узел деген бар. Жылудың келуі, кетуі соны қадалағалайтын. Қазір біз 6 давлениемен сығымдау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қыстың уақытысында 5-5,5 давление береді. Сол үшін алдын-ала сығымдау жұмыстары жүргізіледі. Дайындық жұмыстары барысында міндетті түрде жарылу жұмыстары болады. Соны дер кезінде анықтап, сервистік мекемелер қалпына келтіреді. Екі үш үйде гризовик жарылды. . Оны егесіне айтып, реттеп, қайта сығымдайды».
Айта кетейік, Еңбекші ауданы бойынша 285 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 175 -і орталық жылу жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда 30 — дан астам тұрғын үй қысқы жылыту маусымына дайын. Ал қалған үйлерде 1 тамызға дейін жылу құбырларында сығымдау жұмыстары жүргізілмек.
Нұргүл Жолымбетова