Шымкентте рақымшылыққа ілінгендердің алғашқы легі түрмеден шықты

Шымкентте Президент Конституцияның 30 жылдығына орай жариялаған рақымшылыққа ілінгендер бостандыққа шыға бастады. Олардың алғашқы легі №54 және №55 мекемеден шықты. Босап шыққандар «Отырар» телеарнасына пікір беріп, алғашқы сезімдерімен бөлісті.

Шымкентте Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылықа ілінген 8 жазасын өтеуші бостандыққа шықты. Олардың үшеуі №54 мекемеден, бесеуі №55 мекемеде жазасын өтеп жүрген.

Жалпы №54 түзеу мекемесінде рақымшылыққа байланысты 20 адамның ісі қаралған. Бостандыққа шыққан үш адамға қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты онлайн өткізді. Сот оларды дереу босатуға қаулы еткен. Бостандыққа шыққандар «бұл күтпеген сый болды» дейді.

«Жасаған қылмысыма өкінемін. Дұрыс емес екен ол нәрсе. Жалпы бұдан кейін қылмыс жасамаймын деп отырмын. Бұдан кейін қылмыс жасамауға тырысамын.  Сырттағы адамдарға қылмыс істемеңдер деп айтамын. Болмайды екен бұл жаман екен. Ең дұрысы тыныш сыртта жүріп жұмыс істеуге жетпейді екен ғой. Түрменің айырмашылығы бостандық қайда емін-еркін жүресің ғой. Түрменің айырмашылығы шамалы қиындау. Сырттағыдай болмайды бәрібір….Бұдан кейін  қайталамаймын деп отырмын. Тыныш жүруге тырысамын жұмысымды істеп. Өзгердім ғой қайда. Өзгеріс көп болды менде… Біріншіден, анаңды көрмейсің. Екіншіден үйдегі отбасыңды көрмейсің. Қарап тұрсаң сыртта жүргенге жетпейді. Мына жер өте қиын».

«Түседі ғой еске, сағынасың. Шыққанда өзгеріп, барып жұмыс істеп, бала-шағаға қарап,  ішпей-жемей. Бәрі есіме түсті. Әке-шешем қайтыс болып кеткен. Ойланып, не істеп қойдым деп. Бар нәрсені ойланып. Шынымды айтсам 1 айдың ішінде жақсы  түзеу жолына түстім».

Түзеу мекемесінің мәліметінше, жалпы мекемеде 233 жазасын өтеуші рақымшылық заңына ілінген. Қақымшылықпен босап шығатын 10 жазасын өтеуші ұрлық сияқты ауырлығы орташа қылмыс жасағандар. Қалған сотталушылардың жаза мерзімі қысқарады. Кім, қалай рақымшылыққа ілінетінін заң аясында сот шешеді.

Қуаныш Қасымбек, №54 мекеме басшысының орынбасары: «Қазақстан Республикасының Президенті биыл Конституциямыздың 30 жыл толуына байланысты рақымшылық заңына қол қойды. Соған байланысты біздің мекемеден жазасын өтеп жатқан сотталғандардың 233 сотталғанға қатысты рақымшылық заңы қолданылады. Оның ішінде 10 азамат мекемеден босатылуға жатады. Қалған 223 сотталған азаматтардың мерзімдері қысқартылады.  Барлық сотталған азаматтарға қолданылатын босатылатын 10 сотталған азамат олардың барлығының жазасы орташа ауыр қылмыстар».

Ресми мәліметке қарағанда, қауіпсіздігі орташа №54 мекемесінде 800-ден аса сотталушы жазасын өтеп жатыр. Мекеме ер адамдарға шақталған. Онда ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар да жазасын өтеп жүр.

Айта кетейік, 11 маусым күні Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қабылдады. Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда бас бостандығынан айырылған жүкті және кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына назар аудару туралы тапсырмасы негіз болған.

Дилара Иса