Президент «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамның ішкі мәдениетімен тығыз байланыстыра отырып, оны ел дамуының негізгі іргетасы ретінде атады. Ол азаматтардың құқыққа құрметпен қарауы – елдегі тұрақтылық пен тәртіптің басты шарты екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында елімізде алғаш рет «Заң және тәртіп» апталығы жарияланатынын мәлімдеді. Бұл апта құқықтық мәдениетті нығайтуға және құқық қорғау органдарының беделін көтеруге бағытталған.
«Заң және тәртіп» апталығы Шымкент қаласында да өтті. Апталық аясында заң органдарының өкілдері тұрғындарды қабылдап, құқығының қорғалуын сұраған азаматтарға прокуратура, полиция және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері кеңес беріп жатыр. Бұдан да басқа ауқымды шаралар ұйымдастырылды.
«Заң және тәртіп» апталығы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен оның аумақтық департаменттерінде Ашық есік күні өтті.
Іс-шара барысында азаматтарды жеке қабылдау, құқықтық кеңес беру, Агенттік қызметі және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпараттық презентациялар өткізілді. Агенттік қызметкерлері келушілерге құқықтық мәселелер бойынша түсініктемелер беріп, тиісті көмек көрсетті.
Ашық есік күніне осы салаға қызығушылық танытқан мектеп оқушылары да қатысты. Олар болашақта құқық қорғау органдарында қызмет етуді мақсат тұтып, елімізде сыбайлас жемқорлықты жою ісіне өз үлестерін қосуға ниетті екендерін білдірді.
Қатысушылар адалдық, әділдік және парасаттылық құндылықтары төңірегінде пікір алмасып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын білдірді.
Мұндай іс-шаралар қоғаммен тиімді кері байланыс орнатуға, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.