Шымкенттегі ХҚКО-ларда жаңа туған нәрестеге шетелдік төлқұжатты қалай рәсімдеуге болады?

фото ХҚКОБҚ

 

Жаз демалыс уақыты. Бұл мезгілде көптеген отбасылар балаларымен бірге саяхатқа шығады. Осы орайда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қалалық филиалы ата-аналарға шетелге шығуға қажетті құжаттарды, соның ішінде балаға шетелдік төлқұжатты рәсімдеудің маңыздылығын еске салды.

Филиал мамандарының айтуынша, баланың төлқұжатын туған сәтінен бастап рәсімдеуге болады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, шетелге шығатын әрбір азаматтың жасына қарамастан жеке төлқұжатының болуы талап етіледі.

Төлқұжат алу үшін ата-ана Шымкент қаласындағы кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуі қажет. Осы тұста, өзімен бірге баланың туу туралы куәлігі, ата-ананың біреуінің жеке куәлігі, 4 АЕК (15 728 теңге) көлеміндегі мемлекеттік баж салығының төленгені туралы түбіртек болуы керек. Сондай-ақ, құжатты рәсімдеу барысында ата-аналардың біреуінің болуы міндетті болып саналады. Ал қызмет көрсету мерзімі — 15 жұмыс күнін құрайды.

«Балалар тез өзгеріп, сырт келбеттері жиі өзгеретіндіктен, шекара қызметкерлері кейде баланы фотосуреттен тани алмай жатады. Мұндай жағдайда, төлқұжаттың жарамдылық мерзімі әлі аяқталмаса да, оны ауыстыру қажет болады. 12 жасқа дейінгі балаларға төлқұж 5 жыл мерзімге, ал 12-ден 16 жасқа дейін – 10 жыл мерзімге беріледі. 12 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға 10 жыл мерзімге төлқұжат беріледі. Сонымен қатар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, мүгедектігі бар азаматтар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар төлқұжатты тегін ала алады. », – деді Шымкент қалалық филиалының директоры Айнұр Тобаева.

Айта кетейік, Шымкент қаласының тұрғындарна шетелдік төлқұжатты жедел түрде рәсімдеу қызметі де қолжетімді. Өтініш берушінің қалауы бойынша, қосымша ақы төлеу арқылы құжат 1 немесе 3 жұмыс күні ішінде дайындалады.