Шымкенттік 86 сарбаз жоғарғы оқу орындарына грант ұтып алды

фото ШГБҚ

2024 жылдың көктемінде Шымкент қаласынан мерзімді әскери қызметке алынған 86 сарбаз білім грантына ие болды. Солардың бірі — Жанболат Еспен. Қазір ол туған қаласына оралып, «МИРАС» университетіне құжаттарын тапсырып, студент атануға дайындалып жүр.

Мерзімді әскери қызметін ойдағыдай аяқтаған қатардағы жауынгер Жанболат Еспен мемлекеттік грант иесі атанды. Шымкенттегі әскери басқару органында инспектор болып жұмыс істеген жігіт, қолына қару алып, Отан алдындағы борышын өтеуге өзі сұранып барған. Мінсіз қызметі үшін алғыс хат пен жағымды мінездеме алған сарбаз енді қалаған оқу орнында білім алуға мүмкіндік алдым дейді.

Жанболат Еспен, запасқа шығарылған сарбаз, мемлекеттік грант иегері: «Мен осында басқармада жұмыс істейтінмін. Сонда жұмыс істеп жүріп грант ұтып алуға болатынын естідім. Қарағандағы барып, отан алдындағы борышымды өтедім. 1 жылда қызықты сәттер болды. Бірақ ұзақ болған кездер де бар. Бірақ қызық өтті».

Жанболаттың қуанышын ең алғаш бөліскен жан — анасы. Бір жыл бойы сарғая күткен ұлынан жеткен сүйінші хабар – жүрекке жылу, көңілге қуаныш сыйлады дейді Гүлжаухар. Баласының әскери борышты абыроймен атқарып, енді жоғары білімге жол ашқанын естіген ол, бұл мүмкіндіктің Жанболаттың болашағына үлкен серпін беретініне сенімді.

Гүлжаухар Сәрсембаева, қатардағы жауынгер Жанболтан Еспеннің анасы: «Бүгін балам әскерден келді. Қуанып жатырмыз. Мирас университетіне оқуға сертификат ұтып алды. Бірақ мен үшін 1 жыл күту ұзақ болды. Балам өрлей берсін».

Майор Ердәулет Темірбаевтың пікірінше, Жанболаттың жетістігі – әскери қызметтің жастар үшін тек борыш емес, болашаққа бастар мүмкіндік екенін адәлелдеп отыр дейді.

Ердәулет Темірбаев, Абай, Әл-Фараби және Тұран аудандары бойынша БҚІЖБ бастығының орынбасары: «Жанболаттың жетістігі – әскердің ерлік мектебі ғана емес, болашаққа апарар нақты баспалдақ екенін көрсететін жарқын мысал. Ол өзі армандағын оқу орнына сертификат ұтып алды».

Айта кетейік, 2024 жылдың көктемінде Шымкент қаласынан мерзімді әскери қызметке шақырылған 86 сарбаз мемлекеттік білім грантына ие болып, еліміздің жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігін алды.

Әсел Мәлік