Бүгін Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қала әкімдігі ғимаратының алдында 5 рет оқ атып жарақаттаған қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қатысты істі қарай бастады. Іс бойынша айыпталушы деп танылған 31 жастағы Ернар Жиембай танылған. Сотқа Берденов денсаулығына байланысты қатыспады. Судья оны сот талқылауына келуге міндеттеді.
Сотталушы қылмыстық істі алқабилердің қатысуынсыз қарауға өтініш білдірген. Сондықтан бұл істі жеке-дара судьяның өзі қарайды.
Қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры болған Ернар Жиембай сотқа айдауылмен жеткізілді. Жиембай Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен айыпталып жатыр.
Ерлан Сәдібеков, прокурор: «Ернар Жиембайұлы Шымкент қаласында жеке адамға қарсы аса ауыр дәрежелі қылмыстық құқықбұзушылық жасауға оқталған. Яғни, Жиенбай 2025 жылдың сәуір айының 21 күні сағат 13:30 минут шамасында Шымкент қаласы Республика даңғылы №12а мекен-жайда орналасқан «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС ғимаратында мердігерлердің жиналысын өткізген. Содан Жиембай Шымкент қаласы әкімдігінің құрылыс нысандарына мониторинг жүргізу басқармасының бөлім басшысы К.-нан ұялы телефон арқылы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Берденовтің «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директоры лауазымынан өз еркімен арыз жазып кетсін дегені туралы айтқанын естіп, адам өлтіру яғни, адам құқығына қарсы қасақана қазаға ұшырату қылмыстық ойы пайда болған».
Прокурордың айтуынша, айыпталушы әуелі ішімдік ішкен. Сосын үйінен аңшы мылтығын алып, ешкімге білдірмей қылмыстық ойын жүзеге асыру амалына кіріскен. Сотта айыпталушы өзін фото-видеоға түсіруге қарсы болды, судья оның өтінішін қанағаттандырды.
Ерлан Сәдібеков, прокурор: «Онда Жиембай 12 калибрлы сойго 12 маркалы аңшылық қаруын 9 дана патрондарын атып көріп, аңшылық қарудың атуға жарамды екеніне көз жеткізген. Жиембай адам өлтіру, яғни, адамды қасақана қазаға ұшырату қылмыстық ойын сәтті жүзеге асыру үшін Молдабековке өзінің жоспарлаған қылмыстық ойын жария етпей Хундай Туксон көлігін басқарып Шымкент қаласы Қаратау ауданы Нұрсәт шағынауданы Н. Назарбаев даңғылы 17 а үйдің жертөлесіне паркингке келген. Ары қарай Жиембай жоспарлаған қылмыстық ойын сәтті жүзеге асыру үшін М.-тің кедергі келтірмеуі үшін тастап, масаң күйде Ссмал ауданындағы үйіне қайтқан сыңай танытып, Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратына келген».
Қала әкімдігі ғимаратының автотұрағына келген Жиембай қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің жұмыстан түнгі тоғыз шамасында шыққанын көріп, оған қарай қаруымен оқ жаудырған.
Ерлан Сәдібеков, прокурор: «Автокөлікті айналып қашып жүрген Берденовті қасақана өлтіру мақсатында 5 рет патрондарды атып, 12.06.2025 жылы сот кешенді және сот медико криминалистика сараптама қорытындысына сәйкес оң кеуде тонынан еніп, өкпенің төменгі бөлігін, қабырға аралық артерияларын, диофрагманы көптеген жарақаттануымен бытыраларды, оқ-қару жарақатын салып, жәбірленушіге ауыр дәрежелі дене жарақатын салған. Әрі қарай Жиембай жарақаттанған Берденовтің жерде құлап жатқанын көріп қасына жүгіріп барып қолында болған аңшылық қаруымен бақылаулы контролді оқ атуға әрекет жасаған. Алайда қаруында оқ дәрілердің таусылуына байланысты соңғы оқты атуға мүмкіндігі болмаған».
Денсаулығына байланысты сотқа жәбірленуші Руслан Берденов келмеді. Оның құқығын сотта адвокаттары қорғап жатыр. Берденовтің өкілі судьядан істі «Адам өлтіру» бабының 1-бөлігімен емес, осы баптың 2-бөлігі 9 тармағымен қайта тергеуге жіберуді сұрады. Сот оны қанағаттандырмады. Іс бойынша басты сот талқылауы 6 тамызда өтетін болды.
Дилара Иса