Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясындағы іс-шаралар Жетісай ауданында жалғасын тапты. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті.
Күнделікті ұйымдастырылып жатқан қоғамдық орындарды абаттандыру және сыртқы безендіру жұмыстарына жетісайлықтар белсене қатысуда.
«Тазалық – біздің қолымызда» айдарымен өткен жалпыаудандық сенбілік жұмыстарына 2 мыңнан астам адам қатысып, жол бойындағы ағаштардың бұталары реттеліп, қоғамдық ғимараттар мен көппәтерлі тұрғын үйлердің, саябақтар мен скверлердің, ескерткіштер мен арық-атыздардың айналасы тазартылып, кездейсоқ қоқыс орындары жойылды.
Аталмыш шараға қала, кент, барлық ауылдық округтердегі мемлекеттік қызметшілер мен аудандық мәслихат депутаттары, еріктілер мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысып, ортақ мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосты.
««Тазалық – денсаулық кепілі» дейді дана халқымыз. Тазалық бар жерде – ырыс, береке болары сөзсіз. Жинақылық – адамның көңілін көтеріп, жұмыс істеуге деген құлшынысын арттырып, өмірдің мәнін түсінуге жетелейді. Тазалықты сақтау, оған айрықша мән беру – әрбір адамның туған жеріне деген жанашырлықты қажет етеді. Сондықтан, өңіріміздің көркейіп, гүлденуіне әрбір тұрғын бейжай қарамай, қоқыс-қалдықтарды кез-келген жерге тастамай, таза ұстауға атсалысуы қажет. Өйткені, ортақ үйіміздің көркеюі өз ауламызды, ауылымызды таза ұстаудан басталады» деген аудан басшысы аудан тұрғындарын санитарлық тазалықты сақтауға шақырды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық шарасы аясында жыл басынан бері ауданда 57 сенбілік ұйымдастырылған. Оған 90 мыңға тарта тұрғын қатысып, 200 техника жұмылдырылды. 580 тонна қоқыс тиісті орындарға шығарылған.