Өткен жарты жылда Түркістан облысында 150-ге жуық адам ішек инфекциясын жұқтырып, ауруханаға түскен. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда, 22 адамға өскен. Мамандар ауырғандардың дені 14 жасқа дейінгі балалар дейді.
Жіті ішек инфекциялары – асқазан-ішек жолының бұзылуымен және адам ағзасын сусыздануына алып келетін жұқпалы аурулардың бірі. Өткен 6 айда Түркістан облысында 150-ге жуық адам ішек инфекциясын жұқтырған. Олардың дені – балалар. Бұл туралы Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ақерке Еркінбекова хабарлады.
Ақерке Еркінбекова, Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Бұл ауру әсіресе балалар арасында жиі кездеседі. Балалар ересек адамдарға қарағанда жеке бас тазалығына аса мән бере бермейді. Ауру неге қазір актуальды? Қазіргі кезде күн қатты ыстық, инфекциялар белсенді дамиды, көбейеді, тарайды. Қай жерлерде деп айтатын болсақ, тамақта, шомылатын аймақта, тіпті ауыз судың өзінде жақсы жағдай тудырады».
Ресми мәліметке сүйенсек, ішек инфекциясымен ауырған 148 адамның 115-і балалар. Олардың басым бөлімі 2 жасқа дейінгі бүлдіршіндер. Жалпы өткен жылмен салыстырғанда, биыл ауруды жұқтырғандар саны 22 адамға көп. Негізгі мәселе жеке бастың гигиенасын сақтамауда дейді мамандар. Аурудың негізгі белгілері асқазанның ауырсынуы, іштің жиі өтуі, асқынған кезде қан араласуы, дене қызып, қалтырауы, тамаққа тәбеттің қашуы және әлсіреу.
Ақерке Еркінбекова, Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Негізгі алдын алу жұмыстарының бірі жеке бастың гигиенасын сақтау. Үйде тамақтанғанда, ауыз суды сақтап ішетіні бар, ауыз суды пайдаланғанда, сырттан келіп үйге оралғанда міндетті түрде жеке бастың тазалығын сақтап қолды жуу керек. Сондықтан тазалыққа аса мән беруге шаырамыз».
Айта кетейік, өткен жылдың алғашқы жарты жылдығында Түркістан облсында 126 адам жіті ішек инфекцияларын жұқтырған. Мамандар ауру белгілері байқалған кезде дәрігерге қаралуға кеңес береді. Аурудың жасырын кезеңі бірнеше сағаттан 7 күнге дейін созылуы мүмкін дейді.
Дилара Иса