Түркістан облысынды жыл басынан бері 6 адам Конго-Қырым қызбасы ауруын жұқтырған. Олардың төртеуі аурудан айыққан, қалған екеуі әлі ауруханада емделіп жатыр. Бұл туралы Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ақерке Еркінбекова мәлім етті.
Түркістан облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының эндемиялық табиғи ошағының бірқтар қатарына жатады. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің дерегінше, табиғи ошақтың болуынан облыстық жылда бұл ауруды жұқтырғандар азаймай тұр.
Ақерке Еркінбекова, Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Түркістан облысы бойынша біздің тарапымыздан барлық аурудың асқынбауын және өкінішті жағдайға ұласып кетпеу үшін барлық жұмыстар жүргізілуде. Облыс бойынша барлық жерлерде дайындық жұмыстары жүргізілді. Қажетті дәрі-дәрмектермен қан орталықтарында 2025 жылға арналған арнайы жоспар бар. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы имундалған қор және вирусқа қарсы препораттар қамтамасыз етілген».
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы кенеден жұғады. Облыста бұл аурудың жұғу қаупі жоғары 111 қолайсыз ауыл бар. Мысалы, өткен жылы мамандар аймақтан 63 мыңға жуық кене жинап, әрқайсысын сынамадан өткізген. Зерттеу нәтижесінде 136 сынамадан аурудың қоздырғышы анықталған.
Биыл жыл басынан бері облыста Конго-Қырым қызбасы ауруын 6 адам жұқтырған болса, олардың төртеуі аурудан айыққан, ал екеуі әлі емделіп жатыр. Жалпы жарты жылда 1154 адамды кене шаққан. Олардың мыңнан астамына медициналық көмек көрсетілген. Жалпы кене шағу жағдайы өткен жылмен салыстырғанда дерлік 11 пайызға артқан.
Ақерке Еркінбекова, Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Кене шақты, жалпы ол әртүрлі жағдайда шағады ғой, сонда медициналық мекемеге барып қаралуы керек. Себебі көбіне басы ауырып, қызуы көтеріліп клиникалық белгілері пайда болған жағдайда бірден Конго-Қырым қызбасына күдіктеніп соған ем жүргізу үшін қажет. Аурудың алғашқы белгілері дене қығуы көтеріледі. Қатты басы айналады. Жалпы айтқанда инфекция сияқты басталады».
Мамандар кене шаққан жағдайда жедел ауруханаға барып, емделмесе мұның соңы Конго-Қырым қызбасы ауруына алып келетінін ескертеді. Ал аурудың соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. 2024 жылы облыста 11 адам дәл осы ауруға шалдығып, олардың біреуі қайтыс болған.
Дилара Иса